ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Мен оқыған бір кітап

Екінші өмір

ai_admin 15.04.2018 30 рет қаралды

 

Екінші өмір

 

Қиын заманда ұлттық болмысымыздың сақталып қалуы тек адами және ұлттық  құндылықтар екенін әркез әр шығармасында дәлелдеп келе жатқан жазушы – Тынымбай Нұрмағанбетов. Жазушының сондай шығармаларының бірі – «Кене» әңгімесі. Әңгіме желісі қазіргі қоғамда жиі кездесетін оқиға, яғни билік басына түрлі айла – амалдармен шығып, өз үстемдігін өзге жандарға қолданған бір үлкен мекеменің бастығы, басты кейіпкер Бименнің аяқ астынан жұмыс орнында қаза табуымен басталады. Тіршілігінде жасаған жамандықтары әңгіме барысында көрініп, қызының көзінен бір тамшы жас шықпағаны басты кейіпкерді қынжылтып, «қабірімнің басына бір адам болса да қарайып, дұға оқыса екен» деген тілегін автор үлкен арман етіп шығарманы әрі қарай өрбітеді. Бірақ фәни дүниеде бір түйір болсын жақсылық жасамаған, жақсылық түгілі тыныш жүрмей жаманат қылған жанды кім жоқтап, кім іздесін?!

Әңгіме реализм мен мистикаға құрылып, автор басты кейіпкердің жасаған қиянаттары мен қатыгездіктерін қайтадан өз алдына әкеле отырып, қазақ фольклорында кездесетін, аң, құс, жәндік кейпіне ену, яғни Бимен жанының «Кенеге» айналуымен әңгіме адамды еліктіріп, қызықтыра түседі.

Жазушы кейіпкерге кене арқылы өз қолымен жасаған дүниелердің нәтижесін көзімен көрсетіп, өзі қиянат жасаған адамдармен екінші өмірінде бетпе – бет кездестіріп, ешкімнің ойына келе бермейтін жайттарды реалистік өмірмен шебер ұштастыра зұлымдығын есіне түсіртіп, Бимен – кенені де, оқырманды да тәубеге келтіреді. Дүниені кене болып кезуі бұрынғы қателіктерінің жемісі екенін  Тынымбай Нұрмағанбетов баса көрсетіп, жәндікке айналған адам арқылы арсыздықты, ұятсыздықты, дүниеқоңыздық пен зұлымдықты әшкерелеп, кенеге айналған Бименнің кейінгі тіршілігі дүниенің жалған екенін оқырманға түсінікті жеткізіп, ой түйіндеуге мүмкіндік береді. Тіпті, баласының «кенеге» айналғанын көрген, көзі тірісінде бет жүзіне әр адам қарай бермейтін қатал әкенің бейнесі кененің бас жағында ұшып жүрген бүркіт арқылы берілсе, мұңлы, қасіретті, зарлы үнімен тоқтамай егіліп жылаған көкектің, анасы екенін әсерлі жеткізіп, оқырманды тағы бір ойландырып жібереді.

Әңгіменің соңы ешкімге керегі жоқ кененің қарсы алдынан бір топ кенелерді көріп, жалғыз емес екенін сезіп, өзі танитын қиянаттың иелерін осы кенелердің қатарына жатқызып, тым болмаса өз қызының көбелек болуын тілейді.

Шағын ғана әңгімеде автор үлкен ойды жеткізе отырып, адам ойын, өмірін жүз пайызға өзгертпесе де, бес пайыз болса да жарық дүниенің маңызы мен сені қоршаған адамдардың қадірін түсіндіреді.  «Бұрынғылар «тіршілікте көрген бақытың мен қасіретің бірдей болады. Тәңіріңнің таразысы тең» деп жатушы еді. Шынымен — ақ» — деп Бимен – кененің өзі айтқандай, бұл фәниде не қылсаң, о дүниенің де мәнісі сондай болмақ. Реализм мен мистиканы қатар өрбіткен жазушы шығармасы адам болып дүниеге келген соң, адам болып дүниеден өту маңызын «Кене» әңгімесі арқылы жұртшылыққа психологиялық тұрғыдан жеткізіп отыр.

 

 

Тәжібаева Бекзада Андрейқызы

           әл – Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті

Филология және әлем тілдері факультеті

Қазақ филологиясы 2-курс студенті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*