ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Мен оқыған бір кітап

«Теміржол вокзалы»

ai_admin 15.04.2018 28 рет қаралды

«Теміржол вокзалы»

         Әсия Бағдаулетқызының жас жазушы Әлібек Байболға жазған рецензиясы арқылы жазушы шығармашылығымен танысқан едім. 2010 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің ынталандыру сыйлығына ие болған «Теміржол вокзалы» назар аударарлық шығарма екен. Шығарма тақырыбынан-ақ жазушының өзіндік стилін көруге болатындай. Тақырып қарапайым десек те, бұл жерден біз акценттік стилистикалық категорияны байқаймыз, яғни «Теміржол вокзалы» жай ғана атау болып көрінгенімен, ішінде үлкен мән-мағына жатыр. Міне, сол мән-мағынаны жазушы Әлібек Байбол аша білді ме? Ашты деуге толық негіз бар. Себебі, ол теміржол вокзалындағы көп ескеріле бермейтін «алма сатушылар» тағдырын сипаттауға тырысады. Негізі романның бас кейіпкерлері – Сәкен және оның анасы Сұлухан. Сұлуханның қиын тағдыры арқылы автор теміржолда сауда жасайтын адамдардың да бейнесін жасауға тырысқан.

Марк Твеннің «Баланың көргені мен түйгені үлкен адамдардан ерекшеленеді. Себебі, кішкентай бала балалық шағын ешқашанда ұмытпайды…» деген сөздерін эпиграф ретінде алған әңгімесінде бала Сәкеннің ерекше бейнесін жасаған деп ойлаймын. Оның кішкентай кезінен еңбекке, білімге жақын болып өсуі болашағынан зор үміт күттіретін бала екендігін аңғартады.

Шығарма аулада ойнап жүрген балалардың әңгімесінен басталады, сол арқылы жазушы оқырманын қызықтыруды көздейді. Оқып бастағаннан-ақ арты не болар екен деген ойлар туындап, тезірек оқып бітіруді көздейсің. Ол оқырманына үнемі «Бұның аяғы не болады деп ойлайсың ?» деген сұрақты қоятын сияқты. Әңгімеде  сөйлемдердің соңынан көп нүктені көп байқаймыз. Бұның да өзіндік себебі бар іспетті. Әр оқырман өз ойына, сезіміне ерік бергенін қалаған болар.

Әрине, бұл жерде ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты айтпай кетуге болмайды. Сұлухан мен Сәкеннің арасындағы ерекше байланысты біз диалогтардан байқай аламыз. Сонымен қатар Беделхан деген нағашы апасы мен Сәкен арасындағы диалогтар арқылы балалық шағымыздың алаңсыз күндері есімізге түседі. Осындай жылы оқиғаларды суреттеудегі Әлібек Байболдың ерекшелігі – оның қарапайым тілінде. Ол қиын сөздерді қолданбауға тырысады, көпшілік оқырманға жақынырақ болу үшін ауызекі сөйлеу тілінің элементтерін пайдаланғанды жөн көреді.

Кейіпкерлер тағдырын ашып көрсетуде автор Сұлухан арқылы басқа да кейіпкерлерге үңіледі. Жалғызбасты Сұлухан баласын қатарластарымен бірдей өсіру үшін теміржолда алма сатады, одан басқа уақытында көше сыпырушы. Күйеуі ішімдікке салынып, тастап кеткеннен кейін Сұлухан өмірі мүлдем өзгереді. Бір басына қаншама ауыртпалық түссе де, Сәкенге әке орнына әке болуға тырысады.

«Теміржол вокзалында» Жарас деген теміржол «құдайының», саудагерлердің және ауладағы балалардың, ауылдағы адамдардың бейнелерін көре аламыз. Автор өз ойын жеткізуде, бір орыннан екінші орынға ауысқан кезде сол жердің өміріне бірден кірісіп кетеді де, кейіпкерлер характерін ашуға тырысады.

Қатал тағдыр құрбаны болса да, Сұлухан – өз бойындағы нәзіктікті, жылылықты, мейірімділікті сақтап қала алған жан. Осы арқылы жазушы өмір адамды түрлі жолдармен жүргізсе де, адами қасиеттерді сақтап қалудың басты міндет екенін көрсетеді. Дегенмен шығарманы оқи отырып, бір нәрсе жетіспейтін сияқты сезімде болдым. Неге десеңіз, әңгімеде автордың философиялық ойларын анық байқай алмадым. Тақырып жақсы таңдалған, әңгімеде сөз болатын сан түрлі тағдырлар да жақсы суреттелгенімен, автордың сол арқылы өмірлік маңызы бар заттарға тереңірек бармауы басты кемшілік деп білемін. Бұл әңгімедегі диалогтардың өзінде қанашама ой жатыр. Сол ойларын тереңдетуге тырысу керек сияқты. Мен күрделі философиялық пайымдаулар күткен едім, таба алмадым. Бәлкім автордың да мақсаты сол болған шығар: жеңіл тілмен түсіндіру. Бірақ шығармада қамтылған оқиғалар, шығармадағы шағын сюжет «Өмір деген не?» деген сұраққа жауап іздейтіндей болғандықтан және кейіпкерлер психологиясының ерекшеліктеріне байланысты мен автор тарапынан күрделірек дүние күткенім рас. Әңгіме Сәкеннің жазғы демалыстарын аяқтап, сабаққа келіп, жазғы демалыс туралы шығарма жазып, үздік атануымен аяқталады. Әлібек Байбол осылайша барлығын қорытындылауға тырысқанымен, аяқсыз қалған дүние секілді көрінді маған. Автор оқырманға еркіндік беруге тырысқан. Соңын әркім өзі жалғастырып алар деген болар, ал мен Сәкеннің ересек кезіне куә болғым келген еді, қарапайым оқырман ретінде.

Қорытындылай келе, жазушыға «Теміржол вокзалын» қайта қарап шығып,  толықтыру керектігін айтқым келеді. Бала Сәкеннің ересек Сәкенге айналу кезеңін баяндау арқылы жалғастырғанын қалаймын. Мен жазушының дарынына сенемін және дәл осы әңгіменің жалғасын асыға күтемін.

Алуақас Ботагөз Еділқызы

Қазақ Филологиясы, 2-курс

 

Алдыңғы мақала
Келесі мақала

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*