ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Мен оқыған бір кітап

Алмас Нүсіп «Кандидат» әңгімесі

ai_admin 18.04.2018 31 рет қаралды

Алмас Нүсіптің «Кандидат» әңгімесі

Әдебиеттің қай кезеңіне де көз жүгіртіп қарар болсақ, қаламынан сүбелі сөзді айшықтап жаза білген ақын-жазушылар тобы жетерлік.

Роман, әңгіме, повесть, жалпы проза жанрында өз тұғырларын қалыптастырып кеткен Ыбырай Алтынсарин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, т.б. жазушылардың шоқтығы әрқашанда биік тұрмақ. Десек те, оларда өз заманында сыншы қауымының сынына ұшырап отырған.

Тәуелсіздік жылдарындағы, осы күнгі жазушылар – қазақ әдебиетінің жаңа кезеңінде бой көрсетті. Бүгінгі күнде проза жанрында қалам тартып, өз оқырманы бар прозаиктердің бірі – Алмас Нүсіп. Жас қаламгердің «Жалын» баспасынан жарық көрген «Барлау» атты проза жинағы бар. Аталмыш жинақта «Бір тұтам», «Кешірім» сынды әңгімелері бар.

«Кандидат»… Бұл бір ғылым жолында жүрген ғалымның өміріне қатысты құрылған әңгіме дерсіз…

Бір қарағанда солай. Расымен, әңгімеде ғалым кейіпкері кездеседі. Шығарманың орта тұсына жеткенде, әңгіме басқа тұрғыда өрбиді. Содан-ақ әңгіме желісінің әрі қарай қалай өрбитінің іштей сезіп отырасын. Телефон қоңырауы соғылып, екі кейіпкер арасындағы диалогтен кейін барып, тақырып сыры ашыла бастайды. Ал оған дейін сәл жұмбақтап жеткізу тәсілі қолданылған. Бұл автордың әңгіме жазу барысындағы прагматикасының көрінісі.

Кей әңгімелер алғашқы сөйлемдерін оқып жатқанда-ақ оқырманды жалықтырып жібереді. Ал «Кандидат» әңгімесі басталуынан мені қызықтырды. Бұл әңгіменің басталуында автор өзіне хабарласқан адамды танымаса да, ренжітіп алмау ниетінде, таныған кейіпте одан әрі сөз өрбіте береді. Бұның өзі оқырман қауымын қызықтырып, оқиға желісінің немен аяқталатының білгісі келеді. Осыдан-ақ жазушының жазу шеберлігі анық байқалады.

Әңгіменің басты кейіпкерлері – автор және Кандидат. Яғни әңгіменің мазмұны да осы есімге және қазақ халқында кездесетін ыңғайсыздау, ерсі есімдер төңірегінде айтылады. Өз есімінің тап осылай аталуына өкініш білдіріп, қазақ есімдерінің сонау түп-төркінінен бастап саралап шығады. Автордың «Менің атым Қожаны» мысалға алғаны өте ұтымды қолданылған. Қожаның «айта бастасам тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады» деген тіркесті келтіре отырып, өз есімінен гөрі Қожаның есіміне қызығушылық танытады.

Автордың әңгімесіндегі біраз сөздерге келіспей отырып, өз ойымды айтқым келеді. Ол өз ойың жеткізерде сәл де болсын әсірелеп кеткен тұстары да кездесіп жатады. Мәселен, қазақ халқының есім беру дәстүрін айта отырып, мынандай тіркесті береді: «Қазақтың арғы-бергі өткенін қопарып кеп жібергенде, бұрқыраған шаңның астынан не бір құдай атқан есімдер кездескен…». Автордың пайымдауынша ол — бұл тіркесті ұтымды пайдаланған. Десек те, сол «құдай атқан» есімдер қатарында қазаққа қызмет еткен Көтібар батыр (ұлы Есет те батыр болған), Майкөт ақындар бар. Автор олардың есімінің ыңғайсыз екендігін айтқысы келген және расымен де бұл есімдер айтуға өте ыңғайсыз екені рас. Дей тұрғанмен «құдай атқан» тіркесі орынсыз жұмсалып отырған сияқты. Итжемес, Қадірсіз, Тақпасын, Күлшашар, Кәріпжан, Қойбағар, Жылқайдар, Текебай, Дәметкен секілді есімдерді де атап өтіп, олардың беретін мағыналарының ерсі екенін жақсы айтып өтеді. Осындағы «Тақпасын» есімінің мағынасы «орамал тақпасын» деген ниетте келтіріліп отыр. Бұл қара қазақ пен жаңа қазақ арасындағы орамал дауы деп көрсетілген. Осындай көпшілік біле бермейтін есімдердің түп мағыналарын оқырманға дәл және анық жеткізе білген.

Жалпы әңгіме идеясының берері зор. Ол – есім таңдауда атына заты сай қойылуын көздейді. Әйтпегенде, жаңбыр жаумай су болып, өмір бойы қысылып жүретінінді меңзейді.

Тақырып соңында Кандидаттың төртінші баласының есімін қоюымен аяқталады. Әңгіме соңында есімі қойылған сәбиге: «Атыңа затың сай азамат бол!» ,-деп тілек білдіріп, өзара әзілдесумен аяқталады.

Әңгіменің мазмұны, сюжеті, айтар ойы, оқиға желілерінің өзара үндесуі маған өте ұнады. Жазушыға осындай оқырман назарын аудартатын қызық тақырыптағы әңгімелері көп болсын деген тілекпен, алдағы уақытта шығармашылық жетістіктер тілеймін. Әңгіме барысында кейіпкерлердің орынды қызық әзілдерін, Кандидат есімі неліктен берілгенін және жас сәбидің есімі қалай, не себепті аталғанын білгілеріңіз келсе, міндетті түрде «Кандидат» әңгімесін оқуға кеңес беремін!

Шаймуратова Гүлжан Бағдатқызы

Қазақ филологиясы, 2-курс

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*