ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Әдебиет әлемі Басты ақпарат

Қазақ әдебиетіндегі құпия жанр

ai_admin 18.04.2018 33 рет қаралды

Қазақ әдебиетіндегі құпия жанр

 

А.Жүсіпова,

Әл-Фараби атындағы Қазақ

Ұлттық университеті қазақ әдебиеті

кафедрасының доценті, ф.ғ.к.

 

 

Қазақ көркем әдебиетінде кеш қалып, кенже дамыған жанрдың бірі – детектив. Бұл, ең алдымен, детектив жанрындағы шығармаларды жеңіл, жалпы қара халыққа арналған шығармалар деп «менсінбей» қараушылыққа да байланысты. Содан кейінгі елеулі себеп, ұзақ жылдар бойы үстемдік танытып келген «детективтік шығарма совет қоғамында болмайды, ол тек буржуазиялық қоғамның жемісі» деген принцип. Шын мәнінде шытырман оқиғалы шығармаларды жазу басқа жанрдағы әдеби дүниелерге қарағанда әлдеқайда қиын. Бұған жан-жақты білім салаларын игеру, өмірде көп нәрсе көру, сол дүниелерді ой елегінен өткізу, нақты-затты, мәнді-сөлді деген жұлынды оқиғаларды бөліп алып, соның негізінде ой жүлгесін ыдыратпай, жұп-жұмыр туындыға айналдырар темірдей қатты қисын (логика) қажеттігін айтпағанның өзінде, жазу объектісіне айналар жайттар, қажетті алғышарттар да, осыған құлаш ұруға ден қойған қаламгерлер де керек. Міне, осында аталған жайттардың біршамасы еліміздегі соңғы он бес жыл ішінде орын алып отырған өзгерістерге орай пайда болып, қазақ тілінде де шытырман оқиғалы шығармалар жазыла бастады. Олардың тақырып ауқымы мен қозғайтын мәселелері де кеңейе түсті. Осы тұста жанрдың ішкі сырлары мен сан алуан мүмкіндіктерін, оқиға өрбіту шеберліктерін үйренуде детектив жанрының әлемдік классикалық туындыларынан алар өнеге аз емес.

Сол секілді осы күнге дейін қазақ тілінде детективтік жанрдың табиғатын, көркемдік сипаты мен құрылымдық ерекшеліктерін, қалыптасу, даму тарихын жан-жақты зерттеген еңбектер жоқ десек те болады. Көркем әдебиеттің бір саласы ретінде шытырман оқиғалы детективтік туындылардың өзіндік айырым-белгілерін даралап, жіліктеп зерттеп-зерделеу мәселесі де қазіргі кезде толғағы жеткен тақырып. Көпшілік оқырманның айрықша қызығушылығын туғызып отырған осынау жанрдың адам санасына саяси, мәдени, әлеуметтік ықпал ету күшінің орасан зор мүмкіндіктерін ескергенде, бұндай қуатты қарудың батыстан, Ресейден тоғытылып келіп жатқан арзанқол, атыс-шабыс пен қырып-жоюды ғана уағыздауға құрылған детективтік шығармалардың қолына беріліп отырғанын ашып айтатын кез келді. Сондықтан да олардың асылы мен жасығын саралап, даралап алатын уақыт жетті. Бұндай үрдісті өткінші құбылыс деп көңіл жұбатқанымызбен, батпандап кірген дерттің мысқалдап шығатынын да ескергеніміз жөн.

Детективке қызығушылық қай кезеңде болмасын толастамаған. Бұл жанрға қатысты совет кезеңінде теріс көзқарас болғаны белгілі. Соңғы жылдарға дейін қазақ совет әдебиетінде бұл жанр кенжелеу дамыды деуге болады. Ұзақ уақыт бойы әдебиетшілеріміз детективтің тууына біздің қоғамда негіз жоқ деп санады, өйткені ол «таза буржуазиялық жанр» болып есептелетін. 1935 жылы бұл туралы С. Динамов былай деп жазды: «Детективтік жанр – тұтасымен буржуазиялық қоғамның аясында қалыптасқан және осы қоғамның әдебиетке енгізген әдебиет жанрларының бірден бірі. Жеке меншікті қорғаушыны – із кесушіні дәріптеу – мұнда барынша көрінеді; бұл ретте екі жақты да жан салып әрекет етуге жеке меншік ынталандырады. Сол секілді заңның заңсыздықтан, тәртіптің тәртіпсіздіктен, күзетушінің тәртіп бұзушыдан сөзсіз салтанат құруы және жеке меншіктің және меншік иесінің жеңуі үнемі көрініс табады. Детективтік жанр өз табиғаты бойынша толықтай буржуазиялық жанр»1.

Осы көзқарас ұзақ жылдар бойы басымдық танытып келді. Бұған ұзаққа бармай-ақ Үлкен Совет Энциклопедиясында берілген мақаланы, Қазақ Совет Энциклопедиясында берілген мақаланы қарасақ та жеткілікті. Мысалы ҮСЭ-де: «… авантюрлік-шытырман оқиғалы әдебиеттің бір түрі. Детективтік әдебиеттің кейіпкері әдетте «қайырымды» із кесуші (детектив) болып келеді. Ол қылмыскердің ізіне түсіп, көптеген шым-шытырық оқиғаларды бастан кешкеннен кейін табысқа жетеді, ақыр соңында буржуазиялық құықтың салтанат құруын көрсетеді… Детективтік әдебиетке тән үрейлі оқиғалармен, қауіп-қатермен, жан түршігерлік өліммен, сексуалды теріс қылықтармен көмкерілген ол әдетте, дөрекі әдебиет болып табылады….»2 делінген.

Осындай көзқарастың детективтік жанрдың өрісін ұзартпайтыны айдан анық еді. Кейіннен біраз жыл өткеннен кейін, 1973 жылы жарық көрген Қазақ Совет Энциклопедиясында: «Детективтік әдебиет (ағылш. detective — әйгілеу, әшкерелеу) — әдебиеттің бір түрі, шытырман оқиғалы шығарма. Д.ә. сюжеті жұмбақ қылмыс салдарын логикалық пайымдаулар арқылы ашып көрсетуге арналады. Шығарманың басты кейіпкері, әдетте, қауіпті қылмыскер болады да, оны ұстаушы алуан түрлі оқиғаны басынан өткізіп, дегеніне жететін тапқыш болып келеді. 2 дүниежүзілік соғыстан кейін, Батыста қылмысты ашудың емес, неше алуан қылмыстарды: өлім, төбелес, қинау сияқтыларды суреттейтін «қара роман» етек алды. Мұнда адамның жауыздығы, рахымсыз қаталдығы, кісіні азаптау, өлтіру, зинақорлық мадақталады. Ал, советтік детективтік әдебиетте адамның ұлылығы, ерлігі, патриоттығы дәріптеледі»3 деген анықтама берілген.

Сонымен, детектив дегеніміз не? Бір қарағанда сұрақ тосын болып көрінуі мүмкін. Детективтің не екенін кім білмейді? Оқып, көріп жүргеніміз жоқ па. Алайда баспасөз беттеріндегі осы мәселені  мұқият қадағалап жүрген адам детектив жанрының табиғатын әлі де толық танып, түсініп алмағанымызды аңғарады. Детектив жанрының нақты анықтамасын беру теоректиктерге ғана емес, сонымен бірге практиктерге де айрықша қажет. Сондықтан да біз ең алдымен пайымдауларымызды детектив жанрының әдебиеттану ғылымында зерттелу жайынан өрбітеміз.

Детективтік жанр ұзақ уақыт бойы әдебиеттану ғылымының назарынан қағыс қалған көркем әдебиеттің бір саласы. Бұл жанрдың көпшілік зерттеушілерге алдыра бермес шырғалаңдары және әйгілілігі оның көркемдік қасиетіне күдікпен қарауға мәжбүр етті. Детективті ерекше жанр ретінде теориялық тұрғыдан қараған Г.К. Честертон болды, ол бұл пікірлерін 1902 жылы «Детективтік әдебиетті қорғау туралы»4 деген шығармасында жазды. Содан бері осы тақырыпқа көптеген пайымдаулар жасалды, олар негізінен детективтік жанр практиктерінің қолынан шықты. Ресейде бұл жанрға бой салып, теориялық тұрғыдан тереңдеп зерттеу салыстырмалы түрде таяуда ғана қолға алынды. Осы тақырыпта жазып жүрген авторлардың қатарында Я. Маркулан, А. Вулис, А. Адамов, Г. Анджапаридзе5 есімдерін атауға болады. Сондай-ақ осы тақырыпқа арналған екі аударма шығарманы келтіре аламыз: Б. Райновтың «Қара роман» туындысы (болг.)6 және Г.Кестхейидің «Детектив анатомиясы» (венг.) деген зерттеуі7. Көрсетілген жұмыстарда жанрдың тарихына шолу жасалып, оның морфологиясы талданады, әртүрлі авторлардың контактылық және типологиялық ұқсастықтарына зерттеу жүргізіледі. Әдебиеттанушылар мен өнертанушылар бір жарым ғасырлық детектив жанрының жұмбағын ашуға талпыныс жасайды. Жоғарыда аталған зерттеулердің барлығының басын бір нәрсе тоғыстырады: онда детектив беллетристикамен (бұқаралық, формулалық әдебиет) байланысты құбылыс ретінде қарастырылады. Формулалық әдебиет туралы алғашқылардың бірі ретінде Дж. Кэвелти айтқан болатын. Бұл оның мынадай беллетристикалық жанрларға: мелодрама, вестерн, детектив жанрларына арналған монографиясында көрініс тапты8. Ол формулалық әдебиет ретінде бір архетиптен өрбитін әлдебір сюжеттік блоктарды (мысалы, «махаббат тарихы») түсінуді ұсынады. Оның өмір сүруі қандай да бір мәдени кезеңмен шектелмейді. Сөйтіп, формулалық әдебиеттің бірінші ерекшелігі оның стандарттылығы болады.

Қазіргі уақытта формулалық әдебиеттің шектен тыс кең таралуын Кэвелти былайша түсіндіреді: «Формула дегеніміз – бұл жиі қайталанатын баяндаушы және сюжеттік үлгі, бұл оны мәдениеттегі беймәлім тұрақтандырушы бастау етеді. Формулалардың эволюциясы бұл әдеттегі сана сол арқылы игеретін, бейімдейтін жаңа құндылықтар, жаңа қызығушылықтар процесі. Бұл процесс қазіргі заманғы индустриалдық қоғамдардың гетерогенді, плюриалистік мәдениетінде ерекше мәнге ие болады»9.

Қазіргі кезде елімізде детективтік жанрды әдебиеттану тұрғысынан зерттеу айрықша өзекті болып табылады. Бұл отандық кітапқұмарлардың оқырмандық рационында беллетристика үлесінің күрт ұлғайып кетуімен, және әдеби процеске орныққан көзқарасты қайта қараумен  түсіндіріледі.  Беллетристикаға, жалпы детективке жаңа көзқарастардың симптомы атап айтқанда «Детективті қалай жасауға болады» деген антология тектес кітаптың және «Бұқаралық әдебиет шаттығы» деген мақалалар сериясының10 пайда болуына орай туындады. Мұнда Ресейде детективтік жанрды мектептер мен лицейлерді шетел әдебиетін оқытуда бағдарламаға енгізу кездейсоқ емес. Осы кезеңде зерттеушілер детективті бұқаралық әдебиеттің элементі ретінде ғана емес, жалпы әдеби процестің бір бөлігі ретінде қарауды ұсынып жүр. Осындай көзқараста академиялық Олимпте жоғары орын иеленген байсалды әдебиет пен беллетристиканың арақатынасы проблемасы ерекше мәнге ие болады. Формулалық әдебиет жанрларын жалпы әдеби процесс аясында зерттеу толықтай заңды. Атап айтқанда, детективтік новелла жанрының пайда болу тарихы жанр мен белгілі бір көркемдік жүйенің арақатынасы проблемасы тұрғысында пайымдау үшін қызықты материалдар ұсынады.

Детективтік әдебиеттің тууы туралы пайымдаулар алуан түрлі. Соның бір парасы детективтік әдебиет буржуазиялық қаланың пайда болуына және қылмыстың күрт өсуіне, тұрақты полицияның жұмыс істеуіне, қылмыстық хроникасын көрсеткен газеттерді шығуына, сондай-ақ қылмысты ашуда ғылыми талдамалық әдістің қолданылуына байланысты туды дегенге келіп саяды. Детектив терминін алғаш рет Энн Кэтрин Грин 1878 жылы қолданған, ал бұған дейін криминалды тарих және полицейлер романы деген атаулар қолданылған. Бұнда әңгіме етіліп отырғандар әрине, детективтің классикалық үлгісініне тән белгілер. Ал оның жеке жанр ретінде өзін-өзі анықтауына дейін бірталай уақыт өтті.

Детективтік жанрдың тарихы тамырын тереңнен тартады. Детективтік сюжеттер мен элементтерді Библиядан, Құраннан табуымызға болады (мысалы, Қабыл мен Абылдың тарихында қылмыс, өлтіру, құрбандық, соған итермелейтін жағдайлар, дәлел, қылмысты жасыру әрекеттері, қылмыс, тіпті өлтіруге арналған құралдар бар. Олар «Мың бір түн» ертегілерінде, «хуабэнь» деген ортағасырлық қытай новеллистикасында да11. кездеседі. Детективтік тарих адамзат санасының қылмыс жасау себептерін пайымдауға ұмтылу талаптарына байланысты пайда болған. Бұл ретте ол көптеген шығармада қоғам өмірінде ізгілік пен зұлымдықтың мәңгі бітіспес күресі ретінде бейнеленеді. Еуропа әдебиетінде детективке тән «аналитикалық композицияны» бірінші рет қолданған адам Софокл болуы ықтимал. Ол «Эдип патша» деген трагедиясында (б.з.д. 420 жылдар) бізді Фивадағы трагедиялық оқиғалар ортасына енгізіп жібереді, содан кейін құдайлар қалаға жаза жіберген себептермен таныстырады. Осы ежелгі грек трагедиясы мысалы негізінде критик-фрейдистердің формулалық және миметикалық әдебиет арасындағы шекараны қалай жүргізетінін көруге болады. Олар үшін миметикалық әдебиет құпия, жасырын сарындарды ашады, оларды сана деңгейіне шығарады. Эскейпистік әдебиет жасырын тілектердің жаңа нышандарын ғана жасайды, қолданыстағы құралдарды еске түсіреді, осы тілектер тудырған ішкі қақтығыстарды басады. «Эдип патша» трагедиясында зерттеу протагонис өміріндегі жасырын кінәні байқауға әкеледі.

Детективтік жанрдың дәстүрлерін, оның қалыптасуына қажетті элементтердің қордалануын шола отырып, зерттеушілер Шекспирдің, Вольтердің, Бомаршенің, Годвиннің, Диккенстің, Бальзактің есімдерін атайды. Детективтік жанрды жасауға бұлардың бәрінен де Э. Гофман өзінің «Мадемуазель де Скюдери» (1818) новелласында жақынырақ келді, мұнда құпия да, қылмысты зерттеу де бар.

Детектив жанрының пайда болып, дамуының алғы тарихы осылайша көрінеді. Детективтің шынайы тарихын зерттеушілердің барлығы дерлік Эдгар Аллан Поның «қисынды әңгімелері» («Морг көшесіндегі кісі өлімі» (1841), «Мари Роже құпиясы» (1843), «Ұрланған хат» (1844)) пайда болған уақыттан бастайды. Олардың ортақ кейіпкері әйгілі тыңшы Огюст Дюпен болды. Кейде детектив жанрының үлгісіне Поның тағы да екі новелласын қосады: «Алтын қоңыз» (1843) және «Сен еркек болсаң, жарат» (1844).

19 ғасырдағы Еуропа мен АҚШ-тағы детективтік әдебиеттің бұдан кейінгі дамуы Э. Габорио, У. Коллинз, А.К. Грин және А. Конан-Дойл есімдерімен байланысты. 19-20 ғасырларда детектив сәнге кірді, және әдебиеттің осы түрінің алғашқы теориялық негіздемесі жасалды. Жанрдың бірінші теоретигі саналатын Г.К. Честертон «Детективтік әңгіме қалай жазылады?» эссесінде үздік детективтік шығарманың негізінде жатуы тиіс принциптерде келтірді.

Сонымен, По шығармашылығын зерттеушілердің барлығы, сондай-ақ детектив теоретиктері оны осы жанрдың, нақтылап айтқанда детективтік новелланың  негізін қалаушы деп санайды. Біздіңше, жаңа жанрдың пайда болуы мен романтикалық эстетиканың арасында органикалық байланыс бар секілді.

Әдебиеттану ғылымында Эдгар Поның романтикалық эстетикасына тұтас талдау жасаған және оның новеллистикасының жанрлық ерекшелігін алып шыққан Ю.В. Ковалев болды12. Ғалым монографиясының «Детективтік әңгімелер» бөлімінде Поның «қисынды әңгімелерін» егжей-тегжейлі талдайды. Әсіресе ғалым Эдгар Поның «қисынды әңгімелерінің» образдар жүйесінің романтикалық табиғатына айрықша тоқталады. Оның зерттеулерінің астарынан осы жанрдың негізінде романтикалық көркем жүйенің генетикалық коды жатыр деген түйін жасауға болады.

Кейінгі кездерде жазылған детектив авторлары үшін қылмысты зерттеу өзіндік мақсат болды, дербес көркемдік құндылыққа ие болды. Бұл сабақтас мағыналық бастау өмірді рухани тұрғыдан игерудің ерекше романтикалық типінің жойылуымен байланысты болды деп жорамалдауға негіз бар, бірақ кейіннен детективтік жанр өмірді былайша бейнелеуден бойын аулақ салды.

Классикалық детектив, Эдгар По, Конан Дойль, Честертон шығармалары бізге нақты және қатаң формула ұсынады: детективтік роман — өмірлік материалы беймәлім қауіп пен үрейге толы құпиялы және бүкіл сюжеті, бүкіл оқиғасы оны шешуге бағытталып дамитын роман.

Көріп отырғанымыздай, мұнда аталмаса да, басты жағымды кейіпкер – із кесуші. Бұл кездейсоқ емес. Кейіпкер кез келген адам болуы мүмкін.

Сонымен біз ұсынған формула белгілі бір өмірлік материалды және сюжеттің өзіне ғана тән құрылуын қамтиды. Сондай-ақ детектив деген жанр мүлдем жоқ, Агата Кристи мен Конан Дойлдің әңгімелері мен романдары жай ғана кәдімгі проза деген де пікірлер ұшырасып қалады. Егер мәселеге бұлай қарайтын болсақ, онда тарихи роман, ғылыми-фантастикалық немесе сатиралық шығармаларды да жіктеуден қалатын болармыз. Сондықтан бұл пікірді қолдай алмаймыз.

Детективтік әдебиет деген ұғымның өзін түсіндіру үнемі өзгеріске ұшырап жатады. Жанрдың негізін қалаушылар мен классиктері өз талаптарына барынша берік. Детективтік романның өмірлік материалы белгісіз бір күрделі, шырғалаңға толы қылмыс болуы тиіс дейді. Енді біз детективтік шығармалардың отаны Батыстағы жанрдың ерекшеліктеріне байланысты зерделеулерді егжей-тегжейлі шолып, өз көзқарастарымызды негіздеуге тырысалық.

Батыста детективтің нақты ережелері мен нұсқаулықтары қалыптасты. Ол шамамен былай болып келеді: детективтік роман сюжетінің негізінде үнемі қылмыс жатты, ол көбіне жеке, даралық сипат иеленеді. Мұраға таласып кісі өлтіру, қызғанышпен немесе адалдықпен кісі өлтіру, банкті, қойманы, байдың үйін тонау мақсатында кісі өлтіру. Ең бастысы – жалпы қоғамға, оның әлеуметтік және экономикалық негізіне қарсы шықпау, осы мақсатта ешқандай саяси астыртын әрекет немесе идеяны сынау болмайды.

Детективтік роман қазіргі кезде өзін шеңберге салып шектейтін бүкіл дерлік канондарды бұзды. Жанр бар болғаны жалғыз-ақ елеулі тақырыптық белгісі: баяндалатын көркем оқиғаның қылмыспен тікелей байланысты болатынын ғана сақтап қалды.

Детективтік романның ерекшеліктеріне осылайша кең ауқымдағы көзқарас Диккенс пен Бальзактың романдарын да детективтік романдар қатарына қосып жіберді.

Жалпы 20 ғасырдың 30-жылдары детективтік әдебиеттің классикалық кезеңі деп есептеледі. Классикалық детективтің түбегейлі қалыптасуы осы кезеңге жатады. Классикалық детективтің ең бір танымал өкілдерінің бірі – А. Кристи. Оның есімі брэндке айналған. Жазушы шығармалары негізінде түсірілген кинолар қаншама. Осы есімнің өзі-ақ қаншама адамға тұрақты табыс кіргізіп отыр. Агата Кристидің өзі брэндке айналамын деп ойламаса керек. Рас, ол жақсы жазушы, шытырман оқиғалы сюжеттер құрудың кәнігі шебері болған. Ол детективтерін қалың оқырман қауымға арнап жазды. Алайда көпшілік оның туындыларын қызыға оқып қана қоймай, көптеген зерттеушілер оның романдарының тарихи негіздеріне, шындығын ашуға ұмтылды.

Статистикаға сүйенетін болсақ, ешбір жазушы басқа шет тілдеріне аударылуы жағынан Агата Кристимен теңесе алмайды. Оның кітаптары 103 тілге аударылған. Агата Кристидің детективтерін қазіргі заманғы оқырман қауым жалпы арзанқол бұқаралық әдебиет деп емес, сапалы беллетристика ретінде қабылдайды. Әлемде оның 2 миллиардтан астам кітабы сатылған. Жазушы шығармашылығына деген сұраныс әлі де толастамай отыр. Бұл бұдан ары да жалғаса беруі мүмкін. Өйткені жазушының өзі де өте тұрақты болған. Бүкіл өмір бойы оның бір ғана баспашысы, хатшысы, және оның істерін жүргізген әдеби агенті болған. Тіпті ол өзінің көне жазба машинкасы «Ундервудті» де басқасына айырбастамаған.

Оның қаламынан 85 роман туған, ондаған пьеса жазған. басылымдарының таралымы – 550 миллионға жеткен.

Мұның сыры неде? ЮНЕСКО деректері бойынша Агата Кристи әлемдегі ең көп оқылатын автор. Керемет әңгімешілдік талант, интригалар құра білу шеберлігі Агатаны «детектив ханшайымына» айналдырды.

 

«Алтын ғасырды» бастан кешкен классикалық детективтің дағдарысы бірқатар сыртқы және ішкі факторларға байланысты болды. Ішкі факторларға классикалық детективтің нақты өмірден алшақтап, ақыл-ой ойынына айналып кетуі жатты. Ал 20-30-жылдардағы өмір түбегейлі өзгерген еді, бұл классикалық детективтің идеологиялық негізіне сына қақты. Ұйымдасқан қылмыс пайда болды, Ұлы Дағдарыс орын алды. Оқырман асқақ романтикалық қалыптан түсіп, жерге барынша жақын болды, ол енді жаңа детективтік әдебиетті талап етті. Детективтің жаңа түрі, жаңа кейіпкерлері және құндылықтардың басқа жүйесі пайда болды. Қоғамдық өмірдің, бүкіл қоғамдық қатынастар жүйесінің күрделенуі құндылықтарды қайта бағалауға әкелді, ол қазіргі заманғы детективтік шығармалардың негізінде көрініс тапты, оның түрлі бағытта дамуының себебі болды. Классикалық детективтің көптеген елеулі белгілері алынып тасталды, бұл жанрдың жаңа түрлерінің пайда болуына жағдай жасады.

Сонымен жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, детективтік жанрдың мынадай конструктивті белгілері:

— жанрлық заңдардың қалыптылығы мен қатаңдығы;

— шағын (новеллалық) көлем;

— сюжеттің мұқият тексеруден өтуі және оның оқиғалық жағына мән беру;

— ақылға сыймайтын жайттың шындыққа ұқсас болуы;

— құпиялылық, үрей және сұмдық категорияларының жетекші мәні;

— хронотоптың тұйықтығы және шарттылығы;

— басты кейіпкер бейнесінің ерекше құрылымы,

романтикалық эстетикаға әкеледі. Бұл детектив новелла жанры романтизм эстетикасы шеңберінде ғана тууы мүмкін деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Детектив пен романтикалық көркемдік жүйенің жанр құраушы белгілерінің арасында тектік байланыстың бар екені күмәнсыз.

Жанрдың теориясымен айналысатын, жанрлық нормалардың тарихи өзгерістерін зерттеуші әдебиеттанушылар, соңғы екі ғасырдағы әдебиетте көптеген «қатаң» жанрлық құрылымның көнергенін, шығармашылықта семиотикалық процестер ролінің азайғанын атап көрсетті21. Алайда ХІХ және ХХ ғасырдағы романтикалық мұраның тағдырын жадымызға ұстай отырып, романтикалық көркем жүйенің негізінде бірқатар формалық жанрлардың, яғни өз құрылымы бойынша барынша қатаң (детектив, вестерн, триллер) пайда болғанын қосуға болады.

Қазіргі детективтік әдебиеттің құрылымдық ерекшеліктеріне келетін болсақ, мұнда негізгі назар қылмыскерді табуға ғана емес, оны жазалауға аударылады. Детективтік әдебиеттің осындай күрделілігі мен алуан түрлілігі 20 ғасырдың соңында детективті шығарманы жіктеудегі дерексіздікке алып келді. Сондықтан біз қазіргі заманғы детективтің типтерін атаумен шектелеміз: crime (полицейлік тарих), suspense, «қатаң» детектив, триллер, криминальды тарих, шпиондық тарих, саяси детектив.

Сонымен детективтің тарихи қалыптасу, даму жолдарын көктей шолғанда, Британия мен Америка Құрама Штаттарында детектив таза интеллектуалдық жанрдан (Эдгар По, Конан Дойл, Агата Кристи, Джон Диксон Карр) біртіндеп реалистік (Раймонд Чандлер, Эд Макбейн), содан кейін ультра-реалистік әдебиетке (Патриций Корнуэлл, Джемс Эллрой) көшкенін көреміз. Бірқатар зерттеушілер соңғы жылдары қазіргі кезде классикалық детективтің күні өтті деп жазып жүр. Олардың дәлелі қылмыстың көпшілігі жоғары технологияның көмегімен ашылады, Интернет, компьютерлік модельдеу, ДНК талдау және т.б. Дегенмен детектив жанрының болашақ дамуы туралы пессимистік болжамдар ауық-ауық жасалып келген, әйтсе де бұл жанр уақыт сынына төтеп беріп, заманға сай түлеп, дамып келеді. Әлем оқырмандары Шерлок Холмсты әлі де сүйсіне оқып, теледидардан көреді. Бірақ осы керемет классикалық туындыға қатысты да түрлі сындар қаптап кетті. Мысалы, оған тағылатын кемшіліктер мынадай болып келеді. Шындықтың көзіне тура қарайтын болсақ Шерлок Холмс идеалды шығарма емес. Оның зерттеу әдістері ғылыми емес және тым қарапайым. Оның бірнеше секундте адамның түр-тұлғасына қарап, оның бүкіл өмірін оқып білуі ешқандай да сын көтермейді. Холмс туралы 56 әңгіме мен төрт повестің басым бөлігі жасанды сюжетке құрылған және персонаждары нанымсыз. Сөйтсе де Холмс жүз жыл өтсе де халықаралық беделге ие детективтік шығарма болып қалып отыр. Оның есімі көпшілікке аса танымал, ол туралы кітапты бүкіл әлем оқиды.

Ал енді қазақ детективтік әдебиетіне келсек, ауызды қу шөппен сүртуге қақымыз жоқ. Детективтік көркем әдебиет қарыштап дамып кетпесе де, оған мысал боларлық біраз дүние баршылық. Қазақ детективінің қарлығашы ретінде Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамитын» айтуға болады. Одан кейін «Тар жол, тайғақ кешу» мен М. Әуезовтің «Бүркітшісінде», «Абай жолы» эпопеясында, сондай-ақ Х. Есенжановтың «Ақ Жайық», І. Есенберлиннің «Қатерлі өткел», Ә. Нұрпейсовтің «Қан мен тер» трилогиясында да детективтік сюжеттік желілер кездеседі. Демек, детективтік оқиғаларды көркемдік шындық шеңберінде қалайша дамытып, қалайша шешудің шеберлігін үйренерлік, үлгі-өнеге әлем әдебиетін былай қойғанда өзіміздің төл әдебиетімізден де табылады екен. Бұл салада арнайы қалам тербеген жазушы – Кемел Тоқаев. Оның қаламынан «Жұлдызды жорық», «Ұшқын», «Көшкен үйдің қонағы қайда?», «Ақталмаған үміт», «Түнде атылған оқ», «Соңғы соққы», т.б. шығармалар туды. Жазушының қай шығармасында болсын көрінбес майдан қызметкерлері – чекистердің ерлік, тапқырлық істері, совет милициясының ауыр да қиын қызметі суреттеледі. Жазушының қай шығармасын алсаңыз да негізгі оқиға желісі нақты фактіге, оқиғаға құрылады. Бұл заңды да. Детективтік желіні ойдан құрғаннан гөрі нақты өмірден алудың мәні зор. Бұл шынайылықтың тірегі. Тоқаевтың роман, повестерінің кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Нақты дерек, мол мағлұмат, архив материалдары – ерінбей еңбек етудің, ізденудің жемісі. Соның бәрін қорытып, көркемдік жүйеге түсіріп, оқырманға ұсынғанда жазушы жұртшылықтың ойын қозғауды, өмірде жақсылықтың ақыр соңында үстемдік құратынын дәлелдеуді мақсат етеді. Оның туындыларының қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөлену сыры осында жатса керек.

Қорыта келгенде, детективтік жанрдың алғашқы белгілері ерте замандардағы көркем туындылардан көрінгенімен, шын мәніндегі жанрлық сипатын даралап, өзіндік бағытпен дамуы Эдгар По шығармаларынан басталады. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде жанр жан-жақты қалыптасып, өзіндік қағидалары мен тұрақты белгілерін орнықтырып, түрлі даму сатыларынан өтті. Әлем оқырмандары қызыға, құныға оқитындай дәрежеге көтерілді.

Пайданылған әдебиеттер

 

  1. Динамов С. Зарубежная литература. М., Гослитиздат, 1935.
  2. Большая советская энциклопедия.
  3. Қазақ Совет Энциклопедиясы. 3 т. – Алматы: Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы, 1973.
  4. Честертон Г.К. Как сделать детектив. М., 1990.
  5. Маркулан Я. Зарубежный кинодетектив. Л. 1975; Вулис А. Поэтика детектива //Новый мир, 1978, № 1; Адамов А. Мой любимый жанр — детектив. //Открытия и загадки Эдгара По. М., 1983; Анджапаридзе Г. Детектив: жесткость канона и вечная новизна. //Как сделать детектив.
  6. Райнов Б. Черный роман. М., 1975
  7. Кестхейи Т. Анатомия детектива. Будапешт, 1989.
  8. СaweItу J.G. Adventure, Mystery and Romance: Formula Stories as Art and Popular Culture. Chicago, 1976.
  9. Лики массовой литературы. // Под ред. А.М.Зверева. М., 1991.
  10. Мелетинский Е.М. Историческая поэтика новеллы. М., 1990. С. 39 — 41.
  11. Ковалев Ю. В. Эдгар Аллан По: Новеллист и поэт. Л., 1984.
  12. Ван Дайн С. С. Двадцать правил для писания детективных рассказов // Кaк сделать детектив; Нокс Р. Десять заповедей детективного романа // Там же.
  13. Эпштейн М. Н. Новелла // Лит. энцикл. слов. М., 1987.
  14. Эккерман П. П. Разговоры с Гёте. М., 1981.
  15. Маркулан Я. Зарубежный кинодетектив. Л. 1975; Вулис А. Поэтика детектива //Новый мир, 1978, № 1, с. 24.
  16. Ковалев Ю. В. Эдгар Аллан По: Новеллист и поэт. Л., 1984, с. 279
  17. Конан Дойл. Шерлок Холмс. –
  18. Коллинз У. Ай сәулелі асыл тас. – Алматы, Жазушы, 1978. // ауд. Б. Баймаханов.
  19. Чернен Л. В. Литературные жанры: (Проблемы типологии и поэтики). М., 1982.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*