ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Мен оқыған бір кітап

Кездесуі керек пе, әлде?..

ai_admin 25.04.2018 101 рет қаралды

Кездесуі керек пе, әлде?..

 

Серік Сағынтай «Гүлмира». – Астана: Профи Медиа, 2009ж

Алғашқы рецензиямды жазу үшін өзімнің есіміме ұқсас Серік ағамыздың Гүлмира новелласын алдым. Шағын кітабында Серік Сағынтай ауыл жастарының махаббаты жайлы баяндаған екен. «Гүлмира» атты новелласы алғашқы сезімді, құмарту, елту, құлап жығылу, жас ақынның іштей ынтық  ғашықтық сезімін, өкініш  пен ыза, шарасыздық сəттерін  бейнелейді.

Новелла  «Когда уже очень далеко уйдешь по жизненному пути, то замечаешь, что попал не на ту дорогу» деген П.Буасттың цитатасын эпиграмма ретінде берумен басталады. Бұл сөздер оқырманға новелланы оқымай тұрып, бір ой тастайтын секілді, осы кітапты жазудағы мақсатын көрсетсе керек. Бірақ, кітапты оқымас бұрын бұл цитатаны оқығанда кітаптың сюжетін басқалай елестетіп едім, бұл да бір жазушының шеберлігі болар. Кітаптың алғашқы бетіндегі түрлі қанатты сөздердің өзі адамды оқуға жігерлендіреді.  Новелланың баяндалуы  мынадай  монолог  сөздермен басталады: «…Отыз үш жыл өтіпті. Өрге шығамыз деп едік, ылдида секілдіміз. Бел асамыз деп едік, беткейлеп келе жатқандаймыз əлі. Он бесте едім. Аңғал едім. Пəк едім. Иə, құм қамаған бұйығы ауылдың момақан баласы, он бесте едің сен. «Ақын бала» деген атағың аудан алабына аян. «Сен де он бесте, құралай, мен де он бесте…» немесе «Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте…» деп келетін өлеңдер бар біздің жақта. Екеуін де сенікі деуге болады. Бірақ он бес жасың өзіңдікі емес екен…Тырау-тырау тырналар бұлтты ойғанда ауылға келді Гүлмира. Қазір соны еске алғанда, əңгімелегенде «Ауылға цивилизация келгендей боп еді», деп қоясың кейде. Айтқандай, біздің бала бастан кешкен кез туралы ел жақтағы жазушы көркем де тəмсіл тартқан. Бірақ нақты болған жайды кейіпкердің өзінен тыңдаған абзал болар», — деп жазу енді кейіпкерлерін сөйлетеді. «Гүлмира» атты новеллада басты кейіпкер — Гүлмира. «Ауыл-үй арасында көрікті қыз аз емес. Гүлмира солардың бəрінен бөлек. Үлбір жүзіне қарақат жанары, бүлдірген еріні, жайбарақат аңтарылған кірпіктері шақтап тартылған. Ауыл-үйдің түбіт мұрттарына қырдан қашқан түлкідей болды Гүлмира», — деп жазушы Гүлмираның портретін шебер жасаған. Суреттеуде метономияны ұтымды пайдаланған. Автордың суреттеуінен оқырманның көз алдына нағыз қазақ қызының бейнесі елестейтіні сөзсіз.  Адамды айтқаннан кейін адамгершілікті айтпау мүмкін емес. Адамгершілік, ар-ұждан мəселесі əдебиеттің мəңгілік тақырыбы ретінде қашан да өз маңызын жойған жоқ. Бұл орайда «Гүлмира» повестінде Ноқай адамгершіліктен жұрдай өтініші — өктем, өзі — озбыр кейіпкер. «Тасын қаншама ғасыр қына жеп, мүжіп, морып кеткен тау да бір — Ноқайдың жүрегі, сезімі де бір. Ондай таудың басына қылтанақ та тұрақтамас болар», — деп Ноқайға жазушы сондай сипаттама береді. Мəжнүн — Гүлмираға ғашық болған ақын жігіт. «Ақын атаулы тағдырдан таяқ жеуге жаралған халық. Əсіресе Ноқай сынды нойыстардан Нұқ пайғамбар заманынан бері, жер бетінде алғаш Өлең деген махаббат кемесі жасалғаннан бері таяқ жеп келеді. Ақын баланың жүрегі алғашқы дүмпуде-ақ атылып, айнала бұлақ басы тең алапты көмкеріп кеткен. Зарлы, зəрлі жырымен. Кейін жанартау дамыл табар, жүрек те беріш жамар. Уақыт бəріне емші…», — дегендей, бұл новеллада Гүлмира мен Мəжнүн бір-біріне  қосылмайды.  «Содан бері отыз үш жыл өтіпті… Отыз үш жыл. Арқаның жазығында жаныма ерген құралайдың лағындай жаным еді, Гүлмира!  Аңғал едік. Пəк едік. Ал, өмір… Өмір — ноқай екен, нойыс екен. Əу баста бағыт алып шыққан жолыңның ортасынан асқан соң, кері қайырылып қарасаң… Жер жаралып, су аққан алғашқы дəуірді, мұқым жалғанның жаратылысын түсіндіргісі келетін ғалымдар Жер шарының жазиралы жұмақтары қайнарында мəңгі лаулап жататын қызуы бар жанартаулардың демімен жасанып-жаранып тұра береді, дейді. Ал бір күні атылса…Біздің жастық шағымыз да сол жазиралы жұмақ екен. Тек өз дегенін жасайтын мəжнүн өмір болмаса… Сол кездегі бала ақынның жазған өлеңі қалай еді? Ол тəмсілдің ендігі нұсқасы жазылса, былай болуы тиіс:        Көктем көздің жасындай боп сырғи ма?

Сырғи-сырғи бет түзедік ылдиға.

Сары белден сағым ұшып жатқанда,

Жаныма ерген жаным едің, Гүлмира.

Күндей күлген көгімдегі Гүлмира,

Ұсынады өмір нені Гүлмира?

Он бесінде толған айдай толысқан,

Отыз үш жыл көрінбеді Гүлмира.

Өте реалды ой-əрекеттер суреттелген. Автор асырып, не төмендетіп жібермейді. Шындықтан да қашпай, өзін де аямай, құрғақ, қысқа баяндаудың бір жақсы үлгісін жасаған. Осы көлемнен ауытқымайды, кейде мол, кейде шөл емес, тұп-тура. Тілі дəл, нақты. Махаббаты əсірелемеген. Осынысына таңқаласың. Бұл новелладан философиялық терең ойларды кездестіруге болады. Новелланың бір ерекшелігі: «Ақын мен ару келіншек əлі кездеспеген деседі. Кездесуі керек пе, əлде?..» — деп  жазушы новелланың соңында оқырманға ой тастайды.

Новелланың басқа туындылардан маған ерекше ұнаған тұсы, ол автордың өлең жолдары арқылы керемет ұйқаспен басты кейіпкерге оған ғашық жігіттің сезімін білдіруі. Алайда, кітаптың кейбір тұстарында автор қолданған сөздерді бір оқығаннан бірден түсіне қою қиындау болды. Бұны автордың қателігі деп санамаймын. Керісінше, махаббат тақырыбында жазылған осындай еңбектер оқырманның көңілінен шығатыны сөзсіз.

 

 

Сатыбалдиева Гульвира

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,

Қазақ филологиясы 2-курс студенті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*