ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Әдебиет әлемі Басты ақпарат

«Қызыл жебе» — қазақтың асқақ рухының сығындысы

ai_admin 01.05.2018 34 рет қаралды

 

А.Асқарова,

 филология ғылымдарынң кандидаты, доцент

 

 

Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан  Мұртазаның   әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977),  «Ай мен Айша» (1999)  романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы сияқты елге таңылмал шығармалары жарық көрді.  Қазіргі таңдағы тәрбиелік мәні зор  шығармасы «Бір кем дүние» шағын әңгімелер топтамасын оқырман қауым оқуда.

Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.
«Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы мен ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).

 

 

«Қызыл жебе» — қазақтың асқақ рухының сығындысы

 

Қазақтың қарымды қаламгері, әйгілі жазушысы Шерхан Мұртазаның бірегей де кең құлашты көркем туындысы – «Қызыл жебе» роман-эпопеясы». Ол бес кітаптан тұрады: «Рысқұл» (1978), «Тұрар» (1980), «Жұлдыз көпір» (1984), «Қыл көпір» (1991) және «Тамұқ» (1994).

Роман-эпопеяға қазақтың жиырмасыншы ғасыр басындағы ірі тұлғасы, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі арқау болған. Осы хамса-роман арқылы Шерхан Мұртаза өз дәуірінің Қызыл Жебесі – Тұрар Рысқұловқа өлмес ескерткіш орнатты.

Тарихи тұлғаның тағдыры арқылы халықтың белгілі бір кезеңінің тұтас бейнесін, дәуір тынысын, қоғам келбетін жинақтап суреттеу – көркем әдебиетте біршама қолданылған көркемдік тәсіл. Бұдан қазақ жазушылары да кенде емес. Алысқа бармай-ақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы арқылы қазақ халқының ғасырлық тарихының тұтас көркемдік шежіресі жасалғанын ауызға алуымызға болады. Ал Шерхан Мұртаза Тұрар бейнесі арқылы қазақ халқының тарихындағы ең бір ауыр да апатты кезең —  ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы алапат аштық пен отыз жетінің қанды қырғынын, Алаш қайраткерлерінің күрескерлік ғұмыры мен асқақ рухын шынайы да шебер суреттеп бере білді. Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұлов сияқты ел тұтқасына айналған азаматты көркемдеу арқылы қазақ әдебиетіне үлкен бір сом туынды қосты.

Шерхан Мұртаза қаламынан осындай шығарманың дүние келуінің өзі де заңды. Белгілі бір деңгейде жазушы Тұрар басындағы жағдаймен бала кезден таныстығы болған. Тұрар туған өлкеде туып өсіп, Тұрар тыныстаған ауаны жұтқан. Тұрар тартқан тағдыр тауқыметінің шет жағасын өзі де татқан. 37-жылдың қанды қасабына ілінген әкесінің тағдыры, екінші дүниежүзілік соғыстың ауыл тұрғындарына тигізген ауыр әсері бала жүрегінде өшпестей болып таңбаланған. Мұның барлығы да романдағы оқиғалардың шынайы да нанымды шығуына тікелей өз әсерін тигізген.

Романның өне бойында жазушының өзіне ғана тән сөз саптау машығы мен суреттеу тәсілі, дара стилі айрықшаланып тұрады. Туындыда қазақтың қайсар да қайраткер, өр де өрелі ұлының рухына сай қылышпен кескендей қысқа да қызу, шалт та шымыр тіркестер, құнарлы да ойлы оралымдар, сымбатты да сырлы суреттеулер қаламгердің басты кейіпкер бейнесі мен заман тынысын тап басқандығын, жанымен ұғынып, сана сүзгісінен өткізгендігін айқын аңғартады. Сол арқылы оқырманын да алапат кезеңнің алмағайып жағдайларына енгізіп, еріксіз соңынан ілестіріп алып кетеді, ақыр соңында рухына қанат бітіріп шығарады. Бұл һас шеберге тән қапысыз қасиет.

Әлбетте, тарихи шындықты көркемдік шындыққа айналдыру, кеңістік пен уақыт ішіндегі қоғам тынысын көркемдік игеру, сол арқылы тұлға мен дәуір, тұлға мен қоғам арасындағы қат-қабат, толқын-толқын күрделі қарым-қатынастарды сұрыптау, даралау, жинақтау, типтендіру арқылы түйінді де тұжырымды көркем концепция ұсыну – қарымды да дарынды қаламгерлерге тиесілі енші. Осында айтылған сипаттарды біз Шерхан Мұртазаның сөз болып отырған айтулы туындысынан толығымен таба аламыз.

Шерхан Мұртаза шығармашылығы, атап айтқанда бес томдық «Қызыл жебе» роман-эпопеясы осы кезге дейін ғалымдар мен әдебиет сыншылары тарапынан жеткілікті зерттеліп, өзінің лайықты бағасын алған.

Бір сөзбен айтқанда жазушы «Қызыл жебе» романы арқылы қазақ халқының ұлы  перзенті, біртуар тарихи тұлғасы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың, яғни тоталитарлық режимнің ноқтасына сыймаған ғажайып қайсар, ғажайып өр, ғажайып адал, ғажайып көреген күрескердің ғаламат тұлғасын сомдау арқылы қазақ халқының да мұқалмас рухының асқақтығын паш ете білген.

 

Романның «Рысқұл» атты бірінші  кітабынан үзінді

 

Бозала таң құланиектеніп келеді екен. Қапастан кейінгі сап-салқын уыз ауа тұтқынның  қапырық өкпесін қауып, ағыл-тегіл мол демнен тұншығып қала жаздады.

«Таң таза атып кетпей, қара күңгірт бола тұрса екен», — деп тіледі Рысқұл. Шілдеқоңыз қалжыраса керек, үні семіпті. Қара сораның тұсынан өте бере, жалаң аяғымен жер сыдырып, істік темірді іздеді. Сол аяқтың бас бармағы сояудай қатты затқа тірелгенде, сипалап екі башпайдың арасына тірей қысып алып, жұлқа тартып, жүре берді. Қап -қатты суық темір табанына батты. Бұрынғыдай жылдам жүре алмай, бір аяғын сүйретіп, кібіртіктеп қалды. Оны өзінше бөтен ойға жорыған қарауыл:

— Бас аяғыңды! Қыстап бара жатса, асықпайсың ба?! — деп зірк етті.

— Ішім, — деп Рысқұл екі бүктеліп, сүйретіліп бара жатқан. Ойында:

— «Саусағымнан шығып кетпесе екен», — деп башпайларын қарыстырып қыса түсті.

Қысқан сайын темірдің істігі етіне кірш етіп кіріп бара жатты.

— «Қан тамса — біліп қояды-ау» — деп қысылды тұтқын.

Ілдәбай дәретханаға дейінгі он-он бес адым жер тозақ жолынан жүз есе қиын еді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір келетін бір өлім бар. О дүниеде Рысқұл тозақ отына түсе қоймас. Құдай бар болса, шын дүниенің парызын Рысқұл мына жалған дүниеде-ақ жүз есе артығымен атқарып қойғанын көріп тұрған шығар. Аяғының саусақтарының арасы жіпсігендей, жылбысқы бірдеңе білінеді. Жылы қаннан саусақтар арасы жылпылдақ. Темір сырғып түсіп бара жатқандай сезіледі. Жан дәрменде бас бармағын бүріп, тұтқын ышқына түседі.

…Су перісінің ай десе аузы, күн десе көзі бар перизат қызы жер бетіндегі патша баласына ғашық екен. Ал су перілерінің адамдардан бір айырмашылығы аяқ орнына балықтың құйрығы болады. Адамдардың аяғындай аяғы жоқ перизат патша баласына ғашықтықтың дертінен өлер болған соң перілердің тәуібіне барып жалынады. Тәуіп кемпір дауысы барылдап қалған әзірейілдей еді. Перизаттың үні күміс қоңыраудай сыңғырлап тұратын. Перизаттың арызын тыңдап болған соң тәуіп кемпір айтады:

— Ей, сор айдаған сұлу! Жазылмайтын дертке ұшыраған екенсің. Айтқаныңнан қайтпассың. Жарайды. Мен саған адамдардың аяғындай аяқ жасап берейін. Ақысына бірақ күмістей сыңғырлаған дауысыңды аламын. Сен тілсіз, үнсіз қаласың. Бұл — бір деп қой. Мен берген дәріні ішкеннен кейін саған балық кұйрығының орнына аяқ пайда болады. Бірақ әрбір адым сайын табанына қанжар қадалғандай шыбын жаныңды шырқыратып қуыртады. Өмір бойы табаныңа қанжар қадалып өтесің. Осыған көнсең — көндің. Көнбесең — өзің біл! Не керек, небір азапқа көніп, перизат адам бейнесіне еніп, патша баласына жолығады. Патша баласы да бұған кұлай ғашық болады.

— Атың кім? — деп сұрайды патша баласы.

Перизат бәрін түсініп тұр, Бірақ айтайын десе тіл жоқ. Аяғын әрбір басқан сайын табанына қанжар қадалады.

Не керек, патша баласына тілсіз сұлуға үйленуге батасын бермей, басқа бір падишахтың қызына құда түседі…

… Бұл бір мұңды ертекті Рысқұл ертеде, бала күнінде естіген. Қазір сол бейшара перизаттың халі өз басына түсіп тұрғанына таң қалды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*