ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Әдебиет әлемі

Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние»   романы

ai_admin 01.05.2018 42 рет қаралды

 Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние»   романы

 

А. Асқарова,

Филология ғылымдарының кандидаты

 

Қазақ әдебиеті тарихында 1960 — 1980 жылдар жаңғыру кезеңі болды. Жылымық кезеңнің тууына орай елде көркем әдебиет саласында жаңашыл ізденістерге шамалы болса да жол ашылды. Бұл кезеңде, әсіресе, бүтін бір дәуірді монументальды формада бейнелеп, халықтың тарихи тағдырын нақты образбен мүсіндеп берген тарихи романдардың жарық көруі елеулі орын алды. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, С.Сматаевтың «Елім-ай», Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», М.Мағауиннің «Аласапыран» романдарының негізгі желісіне ХУ-ХІХ ғасырдағы қазақ халқының өз болашағы, бостандығы үшін сыртқы жаулармен шайқасы,  тартысы өзек болған. Қазақтың рухын оятып, қазақ ұлттының сақталуына септігі мол І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақтың ел болып қалыптасуын суреттесе, қазақ тарихында елдің ерлігі мен ауызбірлігі сынға түсіп, халық басынан кешкен қиын заман «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңі С.Сматаевтың «Елім-ай», қазақ халқының Ресей мемлекетінің қол астына өтуі Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», ал қазақ тарихында бітімгершілігімен аты қалған Абылай хан дәуірі Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» романының негізгі арқауына айналған. М.Мағауиннің «Аласапыран» романында қазақ ұлттының тәуелсіздігі мен этникалық тұтастығын, экономикалық-саясаты үшін күрескен Тәуекел ханның заманы суреттелген.

Бұл романдардағы халық тарихы, сөз болайын деп отырған туындыдағы тарих өмір арасына салынған рухани өткел тәрізді.  Қ.Жұмаділовтің шетелдерде тұратын қазақ халқының тарихи шежіресін шерткен «Таңғажайып дүние» атты тарихы романының әдебиетімізде орны ерекше демекпін. Бұл роман тарихи шежіре. Шежіре деп отырғаным жазушы осы шығарма арқылы бүкіл қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін, өзіндік қасиетін танытқан. Шежіре тарату дәстүрі қазақтың тектілігін, тарихи жадының мықтылығын, бүкіл тіршілік тұрмысы мен бітім болмысын білдіреді. Қабдеш Жұмаділов өз өмірін суреттей отырып ұлттық тарихты танытқан. Ұлттық тарих дегеніміз – қазақтың ру-тайпаларының тарихы. Жазушы қазақтың шежіресін қазып, жеріне жеткізе зерттеп, қазақтың шынайы, төл тарихына қол жеткізе алған.

Әрине, Қабдеш Жұмаділов есімі қазақ оқырманы үшін таңсық есім емес. Аталған шығармалардан басқа «Тағдыр», «Соңғы көш», «Атамекен»,  «Көкейкесті», «Бақыт жолында» т.б. іргелі туындылары қалың оқырманның сүйікті дүниесіне айналып кеткелі қашан. Ата жұрттан алыста, шекара сыртында да қазақ баласының бар екендігін мұндағы ел алғаш Қабдеш Жұмаділов шығармалары арқылы кеңінен білді десек өтірікші бола қоймаспыз. Жазушы алпысыншы жылдардың ішінде әдебиетке келіп, қазақ көркем әдебиетін тың, соны тақырыппен биік өреге көтере білді. Жұмаділов қаламы арқылы әдебиетімізге қаймағы бұзылмаған қазақ аулының көркем суреті, құнарлы сөзі, кесек мінезі қосылды.

Жазушының тоқсаныншы жылдардың үстінде жазылған «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романының өзегі – қос империя арасында қақпақыл болған адам тағдыры десе де болғандай. Мұнда жазушының тұтас өмірі суреттеліп қана қоймайды, алуан түрлі адам тағдыры, мінезі, заман келбеті бар. Әсіресе, жазушы қаламы туып-өскен жер жағдайын, қыр қазағының мінезін суреттеуге келгенде тым жүрдек.

Кітапты тек қана жазушының бастан кешкен оқиғаларының тізбесі деп қарасақ қателесеміз. Мұнда автордың өмірге, сол кездегі қоғамға, империялық құрылымға деген өзіндік көзқарасы, бүкіл заман, халық келбеті көрінеді. Қытайда мекендеп жатқан қазақтардың бір ғасырлық шеменді шежіресі шертіледі. Осы көріністердең бәрі де құрғақ баяндалмай, жазушының бай тілімен әсем кестеленеді.

«… Тегінде, сенің жарық дүниеге келуің өзің үшін қандай ұлы оқиға болса, сол айнала қоршаған әлемді жадыңда сақтап, қабылдай бастауың – ол да бір елеулі нәрсе. Қазақ мұны «ес кіру» дейді. Оның елеулі болатыны, сен үшін тіршіліктің қызығы мен шыжығы енді басталмақ. Ал менің әлемге алғаш рет таңдана қарап, санама сәуле түсуі, яғни сыртқы дүниені қабылдауым мына бір сәттен басталады. Шамасы, желтоқсан айының орта шені болар. Күн шайдай ашық, бірақ ауада бет қарыған қызыл шұнақ аяз бар еді. Сол жылдары Тарбағатайдың күнгей бетіне қар қалың түскен-ді. Айнала аппақ, тап-таза. Тал теректердің бұтағына дейін мысық құйрықтанып, қолың тиіп кетсе сау ете түскелі майысып зорға тұр. Жер-дүниені басып жатқан қалың қар күн нұрына шағылып, бейне күміс тозаңын сеуіп тастағандай жалт-жұлт етеді. Біздің қыстауды айнала қоршаған жота-жон, бел-белестер де жұп-жұмыр. Соғымға сойған құнан қойдың құйрығындай томырылып, теңкиіп шалынады.

… Сіз енді осы тұста манадан бері есіктің кіре беріс басқышында бір кішкентай қара баланың осы көріністерді қалт етпей бағып тұрғанын да еске алып қойыңыз… Жылда қайталанатын көп көріністердің бірі ретінде, бұл суреттің де бала жадында сақталмауы мүмкін еді. Бірақ дәл осы сәтте күтпеген  жағдай болды. Кенет ышқына бұлқынған боз бие үстіндегі адамдарды тарыдай шашып, жартылай бауыздалған күйі орнынан атып тұрды. Жігіттер жаңа қарбаласып жүріп, аяғын буған арқанды тым бос байласа керек. Әлі жұлыны қиылмаған ақбоз тұсаулы қалпында көкке шапшып, қорқырап тулап жүр. Ақ қардың беті лезде қызыл шұбар қан болды» — деп жазушы ес кіру мезетін суреттеп береді. Болашақ жазушы есінен аппақ қар, соғымға сойылған боз бие, сыртқы дүниені алғаш қабылдауы қып-қызыл қаннан басталуы есінен шықпай жүреді. Кейіннен өзінің жорамалы бойынша: «.. ол да жайдан-жай бола қалмаған сияқты. Сол бір көріністе тұтас ғасыр суреті тұрғандай. Аппақ қар – сәбидің кіршіксіз таза көңілі десек, қызыл қан – сол уақыттың, яғни мен есігін ашқалы тұрған заманның басты нышаны екен. Дәл осы жылдары өзім туып-өскен Шыңжаң өлкесінде Шың Сысай өкіметі әр ұлттың игі жақсыларын зынданда шірітіп, қапаста тұншықтырып, шетінен қырып-жойып жатыпты. Содан бірер жыл ғана бұрын ата жұрт Қазақстанда ұлттың сүт бетіне шығар қаймағы – зиялы қауым «халық жауы» атанып, жаппай қуғын-сүргінге ұшырапты. Оларды былай қойғанда, дәл сол  жылы батыс Еуропада екінші дүнижүзілік соғыс басталып, миллиондарды қанға бөктіру қарсаңында тұрыпты…» — деп тағдырына жазған өмір жолындағы шарапаты тиген жақсыларды да, кесапаты тиген кесірлерді де осы шығармада бейнелеп, екі бірдей дүниежүзілік соғыс өткен жиырмасыншы ғасырды – қан төгістер ғасыры деп атайды.

Адам баласына көп нәрсенің байыбына бармай есірік күйге түсетінін де осыдан көріп отырмыз. Құдай, саясат сыңайын өзгертпесін деңіз. Егер саясат теріс бағытқа өзгере қалғандай болса, қалың тобыр, ешнәрсеге қарамас, тілсіз, меңіреу бір дүлейге айналады екен ғой. Кеше ғана өзіне қорған, жұртына пана болған ел сөзін ұстар есіл ерлерін басына күн туғанда қорғамақ тұрмақ, жабыла талайтын қорқаудың өзі болады екен ғой. «Сократқа у берген, Ғайсаны ағашқа керіп өлтірген көп. Ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та биллей бер» — деп, Абай жарықтық босқа күйінбеген  екен. Ғой. Көп бірде – дана, бірде  — бала ғана емес, дүлей тобыр да. Болмаса ел ардақтысы болған адамдарды көп болып көтеріліп қорғап қалса керек еді ғой. Жоқ. Қорғау былай тұрсын бірге қосыла талайды екен. Осынау ақиқат Қабдеш Жұмаділов қаламынан құйылып түскен. Шығармада шынайылық бар. Сезім бар, махаббат бар. Жазушының қытайдағы өмір суреттерін баяндаған тұстары, сол тұстағы өз ауылы Сібеті, Шәуешек, Үрімші қалалары, шәкірттердің тұрмыс-тіршілігі мен қазақ зиялыларының іс-әрекеттері бейнеленген тұстары аса сәтті шыққан. Жаныңды әлдібір майда қоңыр мұң баурап, бірде қазақ даласының көкорай шалғынды белдерінде балалармен асыр салып ойнап жүрсең, енді бірде қалаға оқуға кеткен балалардан жоқшылық салдарынан жырылып қалып, қара жұмысқа жегіліп, жасымасаң жа жүнің жығылып қаласың. Енді бірде алмағайып оқиғаға толы шәкірттер арасындағы дулы ортаға топ ете түсесің. Және бұның бел ортасында өзің жүргендей әсерде боласың. Жазушылықтың да, көркем шығарма шартының өзі де адам баласының сезіміне, жан-жүрегіне әсер ету, толқыту, ойға салу, әр алуан сезім күйіне бөлендіру емес пе. Ендеше «Таңғажайып дүние» осы үдеден шыққан туынды.

«Таңғажайып дүние» атына заты сай шығарма. Еңбекті оқи отырып сіз таңғажайып әлемге енесіз. Таңғажайып әсерге бөленесіз. Таңғажайып оқиғаларға куә боласыз. Таңғажайып мінездерді көресіз. Ақыр соңында автормен бірге өзіңіздің де таңғажайып өмір сатыларынан өтіп, таңғажайып биікке өскеніңізге көз жеткізесіз.

Намыс, рух, кісілік, ұлттық сана, қайраткерлік деген қасиеттер туралы ұғымымыз бұрын бұлдыр болса, енді сіз киелі қасиеттердің қандай болатынын  «Таңғажайып дүниеден»  табасыз. «Жақсының шарапаты тиер әр жерде, жаманның кесапаты тиер тар жерде» деген қазақы тәмсілдің өмірден ойып  тұрып алынғанына да осы шығарманы оқу барысында көз жеткізесіз. Алуын мінезді, сан тағдырлы кісі келбетін сомдау, ата жұрттан алыс жатқан ағайынның алмағайып өмірін көркем сөзбен шежірелеп беру осы кітаптың басты мұраты. Жазушының өзі айтқандай, біз енді қазақтың ең соңғы батырын, ең соңғы биін, ең соңғы көшін, ең соңғы аруын, ең соңғы асын, ең соңғы жайлауға шығуын жазушы шығармаларынан ғана оқып білетін боламыз. Шүкіршілік етеміз, осынау дүниелердің із-тозсыз кетпей жазушы қаламы арқылы таңбаланып қалуы.

Ақыр соңында біз басынан сан алуан оқиғаларды кешілген, өмірдің кенеуі кеткен таршылығын да, мерейі тасыған жақсылығын да бірдей көрген, екі елдің, екі түрлі жүйенің өмір сырларын бірдей көзін де, ойын да қанықтырған жанның ғана қолынан осындай кесек, мінезді, суретті, шежірелі дүниенің туатынына қол қоясыз.

Қазақ көркем әдебиетінде ғұмырнамалық шығармалардың саны көп емес еді. «Таңғажайып дүние»  арқылы осы бір кенже қалған жанрдың қатары тағы бір шығармаға, шығарма болғанда аса көркем, шебер жазылған, толымды дүниеге артты.

Қорыта айтқанда, «Таңғажайып дүние» қазақ көркем әдебиетінде ғұмырнамалық шығармалар қатарын толықтырған, оны үлкен бір белеске шығарған сүбелі еңбек. Әрбір ұрпақ өз кезегінде бұл шығармаға қайта-қайта айналып соғып отыратын болады.

 

 

Әдебиет:

 

Қ.Жұмаділов. «Таңғажайып дүние». Алматы: Тамыр, 1999. – 624 бет

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*