ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Мен оқыған бір кітап

«Парасат майданы» повесіне рецензия

ai_admin 03.05.2018 41 рет қаралды

«Парасат майданы» повесіне рецензия

Белгілі қаламгер Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» повесін бір деммен оқып шықтым. Адам санасында қатарласа бірнеше тұлғаның өмір сүруі туралы тек әлемдік кинолардан көргенім болмаса, қазақ әдебиетінде «қостұлғалылық» туралы психологиялық шығарманы алғаш рет оқуым екен. Туынды жазушының адамзатқа бағытталған жан айқайы, өмірдің тылсым сырымен үңілген жанның өзгелерге айтар өсиеті іспетті.

Повесте жан азабына душар болған шығарманың бас кейіпкері ауруханада жатып, адамгершілік, тазалық, имандылық, махаббат, бақыт, туралы көңіліне ұялаған мөлдір сезімін қағазға түсіріп, күнделік жүргізе бастайды. Бір күні жан дертіне шалдыққан жанның өмірінде күтпеген оқиға болады. Ол күнделіктерін оқып шығып, оған жауап жазған бейтаныс адамнан хат алады.  Бейтаныс адам оған жазған хатында күнделік иесінің имандай сенетін әдемі идеалдарын жоққа шығарып, қайта-қайта оны тығырыққа тірейді. Бір адам санасының екіге жарылып қасірет тартатын – қостұлғалылық арқылы жақсылық пен жамандықты, ізгілік пен зұлымдықты қатар қойып, кімнің жеңіске жететіндігін баяндайды. Шығарманы оқи бастағаннан-ақ, жазушының өз ақиқатын дәлелдеу үшін айтысатын ізгілік пен зұлымдықтың қисындарын бүге-шүгесіне дейін зерттегенін аңғарасың.

Бір оқып шыққанда қос кейіпкердің де пікірлерімен келесетін сияқты боласың. Бірақ күнделік иесінің ойымен берілетін түйдек-түйдек қорғасындай ауыр ойларды оқи отырып, ойың сан саққа жүгіріп ойланасың. Алғашында, зұлымдықты жақтаған бірінші хатты оқығанда, дәлелдеріммен таныса бастағаныңда, бейтаныс адамның ойы дұрыс секілді көрінгенімен, ізгіліктің жауабын оқығаныңда райыңнан қайтып, өз ойыңнан үрейлене бастайсың.

«Ғылым мен техниканың ең жоғарғы жетістіктерімен қаруланған бүгінгі адамды әлдебір сыртқы алапат күш құртып жібере алмайды, адам құрыса тек шегіне жеткен рухани азғындықтан құриды», — деп рухани күйреудің басты себебі неде екенін іздейді. «Бойдағы міні шашынан көп болса да, өзімен күресіп жүрген бір адамды көрмейсің. Көшеден жүз адамды ұстап алып, сырлассаң, жүзі де әлдекімнен қиянат көрушілер болып шығады. Сонда қиянат жасаушылар қай жақта жүр?» немесе «Өтірікті жек көреміз. Ал сол өтірік адамдармен айтысатын болса: «Ау, ағайын! – дер еді. Бәрінің күн көріп отырғандарың менің арқам емес пе? Ыңғай шындықты айтамын десеңдер, баяғыда тоз-тоз болып құрып кететін едіңдер. Өтірік айтпай бір күн өмір сүре алмас едіңдер» деген секілді адамды тығырыққа тірейтін  көптеген ойлар берілген. Шығармада осы секілді қазіргі қоғамға дерт боп жабысқан арсыздық, адамгершілік, тазалық мәселелері көтерілген.

Шығарманың өн бойы осындай кезек-кезек айтысқан ауыр ойлардан тұрады. Осындай философиялық ойлардың ішінен ең ұнағаны: «Көркем әдебиет, музыка, театр, кино неғұрлым дөрекі сезімдерге толы болған сайын, неғұрлым шектен тыс ұятсыз болған сайын, соғұрлым өтімді. Бетховенді тыңдамайтындар ең төменгі санаға арналған тұрпайы музыкаға құмырсқаша қаптайды. Шынайы да мағыналы көркемфильм жасаған режиссер өз бағасын ала алмай, бағы жанбай, қайыршылықта жүруі мүмкін, ал таза ұятсыз фильм жасаған шалағай біреу ақшаның астында қалып жатады. Яғни арсыздық әлеміне сұраныс мол.» Бұл сөздер дәл қазіргі біздің күйімізді тура көрсетіп тұрғандай.

Шығарманың соңы бас кейіпкердің өлімімен аяқталады. Бірақ өзінің кезекті бір хатында: «Рас, табиғаттың іргетасында біздің қасиетті сезімдерімізді қорлайтын қатал заңдар көп. Бірақ, табиғаттың ол заңдарымен өмір сүретіндей, оны өзімізге тіршілік шарты етіп алатындай – біз хайуан емеспіз ғой» — деген ой иесінің өз-өзіне қол жұмсауы мені таңғалдырды.

Сөзімді қорыта айтсам, мына бес күндік жалғанда барлық істің бастауы, қайнар көзі ойдан басталады. Жаман ой  жаман әрекетпен аяқталуға тиісті,  ал жақсы ой жақсылыққа апарады. Ендеше үлкен жауапкершілік осы ой арқылы басталуы керек. Егер әрқайсысымыз келер ұрпақ үшін жасаған түрлі іс-әрекеттерімізді ойлап, қам жейтұғын болсақ біз өмір сүріп жатқан қоғам руханияты соншалықты өрлей түспек. «Сен тіпті өзіңмен-өзің оңаша қалған кезіңде де ешқандай жаман нәрсе айтпа да, жасама да» деп Демокрит айтқандай, неге үнемі жақсы ойлауға тырыспасқа?!

                                                                                                                              ӘБІЛДА ҚЫЗЖІБЕК 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*