ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Әдебиет әлемі Басты ақпарат

Дулат Исабековтің «Тіршілік» повесі туралы

ai_admin 03.05.2018 44 рет қаралды

                                              Дулат Исабековтің «Тіршілік» повесі туралы

        Дулат Исабековтің қай шығармасында болмасын ұлтымыздың бастан өткерген өткен дәуірі, бүгінгі тіршілік жолындағы қам-қаракеті қапысыз суреттеліп,  қаламгердің оқырманның мейірін қандырар қанық тілі, өзіндік ойлау жүйесі, суреткерлік шеберлігі арқылы әдемі өрнектеліп, кезең шындығы көркемдік шешім нәтижесінде ерекше түрге еніп, суретшінің сан түрлі, алуан реңкті бояу арқылы өмір, уақыт керуенін айна-қатесіз қағазға түсірген картинасындай жүректе жатталып, санаңда бекитіні анық.

Қаламгер қоғамдағы сан қатпарлы мәселелерді жіті аңғарып, ой-сүзгісінен өткізіп, адам өміріндегі мәнді, мәнсіз құбылыстарды елеп-екшеп, көркем шығармаларына арқау етеді, кейіпкерлерінің ой-танымына, парасат деңгейіне, болмыс-бітіміне лайықтап-сұрыптайды, дарыта біледі.  Тіршіліктен туындайтын түйткілді, өмірдің өзі ұсынған қым-қуыт асу-белестерді  шеберлікпен суреттеп, туындыларын өмірдің өзінен көшіргендей оқырманға ұсынуы Исабеков әлемінің боямасыз шынайылығын, сөз өнеріне кіршіксіз адалдығын танытады.

Д.Исабеков  «Тіршілік» повесінде қарапайым қазақ ауылының қарапайым тұрғындарының тіршілігі шебер суреттеліп, олардың іс-әрекетін, қарекет-тірлігіндегі небір жағдайларды дөп басып танып, асқан көркемдікпен ашып көрсетеді. Адамның жан сырын, құпия-қалтарысын,  жүрегіңді елжіретіп,  тұла-бойыңды шымырлатар  тәлкекті тағдырын әр алуан сәттегі ситуациялық қалыпта сомдап, «өмір — тіршілік үшін күрес»  дейтін қағиданы әр кейіпкердің өз әлінше атқарып жүргенін сергек көңілмен суреттеп, оқырманына сезімталдықпен жеткізеді.

Дулат аталмыш повесінде ұлттық болмысты, мінезді бейнелеуде өзіндік ерекшеліктерімен көрініп,  кейіпкер характерін ашуда пейзаж, монолог, диалог, психологиялық параллелизм,  деталь, үнсіздік, жатсыну,  хат жазу т.б. көркемдік құралдарды сәтті пайдаланып,  әсіресе, Молдарәсіл-Киеванның, Қыжымкүлдің, Қамқа әйелдің ішкі жан әлемін бейнелеуде өзгеше ізденістерімен танылады. Әсіресе, қазақ әйелінің сан түрлі бейнесін сомдаған қаламгердің бұл повесінде  Қыжымкүл бейнесі  де өзінің даралығымен, қажымас қайратымен дараланып, бар уақиға сол кейіпкердің маңайынан тарайды. Тағдырдың салған тезі мойыта алмаған кейуананың қым-қуыт тірлік-тіршілігі оқырманын таңдандырып қана  қоймайды, бес күндік тірліктің берері не, керегі не дейтін адамзаттық сауалдарды пәлсапалық тұрғыдан ойлануға һәм ойлантуға алып келеді. Қыжымкүл күрделі һәм жұмбақ тұлғасымен кесек көрінеді, көнбіс әрі мейірбан қалпымен дара тұр. Жазушы суреттеуінде өмірдің тауқыметінің қандайы болса да қаймықпай, қасқайып тұрар, қамықпай, еңсесін тік ұстар қазақ әйелінің, анасының шынайы болмысы, шын қалпы таспен қашалғандай мығым, бояумен салынғандай ажарлы, мәрмәрдан соғылғандай мызғымас болып шыққан. Ар, ұят, ұждан, ынсап, қанағат дейтін ұғымдар айтуға оңай көрінгенмен, салмағы зілмауыр, атанға жүк боларлық батпандай ауыр, қорғасындай салмақты һәм киелі, құдіретті жүк. Осынау қасиеттердің қазақ әйелінің бойынан табылып жатуы қаламгер повесінен мен мұндалап тұрғанын анық аңғарсақ та, жақсы мен жаманның қабаттасып, қосамжарланып жүруі де көңілге кірбің ұялатқанымен, тұрлаусыз тіршілікте кездеспей қоймайтынына кейіпкерлер тағдыры арқылы, тыныс-тіршілігі арқылы көзіңді жеткізіп, өзіңді иландырады.

Біздіңше, Адам өмірінің күнгейі мен көлеңкелі тұсын қабат алып, қатар суреттеу арқылы оқырманын шын өмірдің, боямасыз тіршіліктің, пәни жалғанның парқын түсінуге жетелейтін Дулат Исабековтің повесі осынысымен шынайы, осындай түйінімен құнарлы.

 

Шоқан Шортанбаев

Қазақ әдебиеті және әдебиет

теориясы кафедрасының аға оқытушысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*