ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Әдебиет әлемі Басты ақпарат

 Кер заманның Құланы

ai_admin 03.05.2018 60 рет қаралды

                                                                                                                 Шоқан ШОРТАНБАЕВ

                                                         Кер заманның Құланы

 Өзінің дара қолтаңбасымен, шынайы талантымен алпысыншы жылдары әдебиет әлемінде өзгеше өрнек салып, өзіне ғана тән стильмен танылып, аз ғұмырында бір шоғыр дүние  қалдырып үлгерген суреткер жазушының бірі ретінде Ақан Нұрманов есімін атауға болады. Қаламгердің «Аққу шоғыры», «Күн ертеңге ауып барады», «Ор», «Күзде ашылған гүл», «Ымырт», «Құланның ажалы» т.б. туындылары сол кездің өзінде-ақ оқырман ықыласына бөленіп, көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Торғай даласының шерлі тарихын өзінің көркем шығармаларына арқау еткен Ақан Нұрмановтың  соңғы туындыларының бірі «Құланның ажалы» атты шығармасы.  Романдағы Құлан да, Сардар да, Әліби де – тарихи тұлғалар. Бірі шығармада өз атымен аталса, бірі Кейкі Көкембайұлының,  бірі Амангелді Имановтың қөркем бейнесін тірілткен. Құлан арқылы  Кейкі батырдың нағыз шынайы бейнесін көрсетуге талпынуы, кешегі қылышынан қан тамған кеңестік идеологияның тұсында-ақ Торғай даласындағы ұлт-азаттық күресінің белсенді сарбаздарының бірі, алашшыл азаматтардың соңғы тұяғы іспетті Кейкі образын өзінің шынайы болмы­сымен көркем кейіп­теуі – жазушының көзсіз батырлығы, рухани ерлігі  десек, қателеспеспіз. Әрине, Кейкі батырдың көркем әдебиеттегі бейнесі  Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында, М.Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» романында азды-көпті сомдалғанын, ал кейінірек жазылған С.Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» дастанында Кейкінің ержүрек бейнесі, тарихтағы өзіндік орны барынша шынайы жырланғанын айтуға тиіспіз. Дей тұрғанмен, заман кейпін, дәуір бастан кешкен дүрбелеңді естіп-біліп, теріп-түйіп өскен Ақанның өңір тарихының қат-қабат тіршілігін, саналуан оқиғаларын Құлан бейнесі арқылы тұтас кезеңнің, заман шындығының бейнесін дәл, әрі шынайы көрсете білуі, сұрқия заманның бет-пердесін сыпырып, шын кейпін сомдауы, өмір шындығын өнер тілімен келісті суреттеуі, осының бәрі, айналып келгенде, жазушының суреткерлік шеберлігі демеске лаж жоқ. Ақанның тіл шеберлігі, суреткерлік әлемі туралы әркез айтылып та, жазылып та жүр. Кейіпкерлерінің ішкі әлеміне терең бойлау барысында қаламгер адам жаратылысының, түйсігінің небір қалтарысын қазып көрсету, қоршаған ортадағы  толып жатқан іс-әрекетті кейіпкерлерінің ішкі ой арпалысымен, жан толқынысымен қабат өріп, қатар суреттеуге ерекше мән беріп, сол арқылы адамның жан дүниесіне үңіліп, психологиялық «менін» ашып көрсетуге, үлкенді-кішілі болмыс-әрекетінің  мән-жайын көркемдік тұрғыда саралап, жан-жақты зерделеуге айрықша көңіл аударып, шынайы шығарма талабына жауап беретін дүниелер тудыруға қаламгерлік күш-қуатын сарқа пайдаланғанын сергек сезімді оқырманның білетіні анық. Қаламгердің шеберлік даралығын, суреткерлік парқын айқындайтын кейіпкер диалогтары мен ішкі монологтары,  штрихтар мен детальдер, авторлық баяндаулар мен лирикалық шегіністер, прозаға тән күрделі көркемдік бейнелеу құралдары мен айшықты суреттеулер, адам көңіл-күйімен астасып кетіп жататын табиғат пен қоршаған орта кескіні, қол мерген атанған Құланның атқыштығынан, қаһарманның рухани жан дүниесінен сыр беретін сан алуан әдіс-тәсілдер, — міне осының барлығы да көркемдік қызмет аясында жұмсалып, Ақан туындыларының көркемдік әлемін, қанық бояуын танытып тұр. Кейбіріне  көңіл аударсақ: «Сол сәтте әкесінің шиті мылтығы күрс ете түсті. Ешкі тұрған жерді, тал маңайын көктүтін жауып кетті, үріккен киіктер дүркіреп қырға қарай зымырады. Әкесі жаққа қарауға мұршасы келмеген Құлан қатар зулап бара жатқан қос жас текені қос өкпенің тұсынан қабаттай алып тартып жіберді, мылтығын асығыс оқтап, ұзай берген тағы біреуін түсірді» [1, 70], «Жер дүниені қызғылт шұғыласына малып, мыстай балқыған ай жоғарылай түсті. Айдың айнымалы нұрында жайпақ төбешіктер зорайып, жаман ши, тобылғы шоғырының өзі үй орнындай болып көрінеді. Шөп басын самал тербегенде ұлғайып ұзарған селдір көлеңкесі толқып, жер көшіп бара жатқандай әсер береді» [1,70], «Шығыс жақ жаңа алаулап келеді. Түн көлеңкесі үйелеген төбе баурайлары бірте-бірте жарық тартып, күзгі жауынмен қайта көктеген шөптің түсі ашыла берді. Түнде мол шық түсіпті»[1,115].

Ақан Нұрманов “Құланның ажалы” романы арқылы шығар­машылық мүмкіндігін жаңа бір қырынан танытып,  қаламгерлік қуатының, суреткерлік шеберлігінің  әлі де мол екенін тағы да бір дәлелдеді. Уақыт тынысын, дәуір келбетін заманының соққан желіне қарай жығылмай,  шынайы бейнелеп, қоғамның әлеуетін, рухани дағдарысты мейлінше ұтымды, мейлінше табиғи зерделеп, адам өмірінің мәнін, болмысын жан-жақты таразылап, күрделі һәм кесек туынды бере алды. Роман жалқы адамның жұмбағы арқылы қоғамның, адамзаттың шешуі қиын, жауабы бұлдыр, сыры бұлыңғыр  құпиясын көркемдік тұрғыдан ашуға жол салған. Кеңестік қоғам тұсындағы адам өмірінің қайшылықты болмыс-бітімін кейіпкер тағдырын кестелеу барысында нақты көз жеткізумен бірге, бүтін бір дәуірдің тынысын Құлан-Кейкі әрекетімен сабақтастыра отыра санамызға сіңдіруге қызмет етіп, психологиялық сезімталдықпен сендіреді оқырманын. Туындыда қоғам, ондағы адам өмірінің мәні, адам – қоғам — адам қарым-қатынасы, оның жаңа заман жағдайындағы сан тарамдалған қалпы жайлы жазушының ішкі жанайқайы, толғанысы бейнеленіп, замананың келбеті кестеленген.

Аласапыран дәуірдің, алашапқын кезеңнің сан түрін бастан өткерген қазақ ұлтын өткен ғасырдың алғашқы ширегін қамтыған дүрбелеңдер де есін шығарғаны анық. Заманның ауып соққан желі елді есеңгіретіп, ерді жолынан адастырғаны, қитұрқы саясаттың құмбыл мінезін бағамдай алмай, ақ-қараны айыра алмай талайлардың пұшайман күй кешкені, ауа жайылғаны да жасырын емес. Бұл дүрбелеңнің сан қатпарлы тарихқа куә болған, Шерлі шежіреге толы Торғай даласын айналып өтпегенін, қатерлі жылдардың қасіретін, қилы заманның кереғар кейпін талантты қаламгер А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романын оқу барысында көз жеткізе түсеміз.

Романның жазылу үдерісіне куә болған, әр тарауын бірге оқып, сиясы кеппеген шығарманың алғашқы оқырманы, тілекшісі болған замандастары Ақан туындысын жоғары бағалайды, автордың қоршаған ортаға қыжылын, қоғамға деген ішкі қарсылығын рухани ерлікке теңейді. Құйқалы, құнарлы Торғай топырағының қасиетін ғана сіңіріп қоймай, қасіретін де көкейіне түйіп өсуінің себебін, өз әкесінің Амангелді сарбаздарының бірі, алашшыл азамат екенін, кейінірек осы іс-әрекеттері үшін кеңес өкіметінен талай теперіш көргенін,  мұның бала Ақанның жүрегіне тоң боп жабысқанын, мәңгі өшпестей ашу-ыза қалдырғанын, сөйтіп, іштегі сырдың сыртқа мұң болып ақтарылып, шығармаларында шер боп төгілуінің кездейсоқ емес, қайта шынайы, заңды құбылыс екенін замандас-қаламдастары ескерусіз қалдырмай, зерттеу еңбектерінде, естелік-эсселерінде нақтылай түскен. Жазушының жастайынан бірге өскен досы, көрнекті қаламгер Қалихан Ысқақов «Оның әр туындысының астарынан қорлық пен қорлаудың ызы теуіп, рухани тепкіден болған жан жарасының домбығып, ашынған көкіректің ащы запыраны мен боздай алмай буынып жылаған шерменденің қанды көз жасы сорғалап тұрды»[2,54 б],- деп ақтарылса, «Ақан ешқашан нақтылы портрет жасауға, әлденені тәптіштеп суреттеуге тырысқан адам емес. Ол суреттемейді, көрсетпейді. Сондықтан да оның кейіпкерлеріне іштен қазылып сөйлеу, әдеби тілмен айтқанда, ішкі монолог көбірек жарасып тұрады»,- дейді Рамазан Тоқтаров сынды сыралғы досы, қазақтың қабырғалы қаламгері. Қаламгердің қамкөңіл сәттеріне, қоршаған ортаға деген қыжылына, әлеумет ісінен саяқтау кешкен өміріне куә болған Әкім Тарази де осы ойды құптағандай, «…Еліне де, жеріне де сыймаған, сияр еді-ау, жаңа үкіметпен сиыса алмаған асау Кейкі батыр Сарыарқадан «саяқ құрлы сая таппай» жүр. Тағы да жалғыздық. …Қалай болған күнде де, жан-дүниесін жалғыздық мүжіген автор ғана сондай кейіпкердің образын сүйсіне жасамақ», — деп еске алады.

Романдағы Құланның тағдыры – бірдің ғана емес, саясаттың, заманның ауанын аңғармай, жазықсыз жапа шеккен мыңның тағдыры. Құланның мұңы — Елін, ұлтын сүйген ерлерінің сенген үмітінің ақталмай, аяқасты болып, қарақан басының қайда қалғанын білмей, шашылып қалған қазақтың мұңы. Құланның жалғыздығы – көп нәрсені біліп-сезсе де, көргенін айта алмай, естігенін жаза алмай пұшайман хал кешкен, кешегі айбарымен ықтырған, айтқанына көндірген кеңестік идеологияның құрсауынан шыға алмай «ырқына көнген» Ақандардың жалғыздығы. Заман деген зауалдан жауап іздеп, шегіне жете алмай шерменде болған, жан-дүниесі шынайылықты, тазалықты қалайтын қаламгер осы мәселені шама-шарқынша ширатып, заман ырқын өз дегеніне көндіре алмаған Құланша қиналып, Кейкіше күңіреніп, кезең тынысын қал-қадерінше шебер суреттей білген. «Уақыт деген шіркін қаламға да ерік берген жоқ. Соған қарамастан, совет өкіметі қазақтың тарихынан атын өшіріп тастаған аяулы азаматтарымыздың бейнесін көркем әдебиетте қайта жаңғыртқан қаламгердің бірі Ахан болды. Әттең кеңшілік заманға іліге алмай қалды. Кім біледі, Алла ұзағырақ ғұмыр бергенде Ахан бүгін «Құланның ажалын» қайта жазар ма еді?.. Қалай да…»[2,61б], — деп қамығатын Қалихан  құрдасының айтпағы да бүгінгі қалың оқырманға түсінікті-ақ.

Шығарманың шынайы болуы жазушының суреткерлік шеберлігіне һәм тақырыпты терең игеруіне де байланысты болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, романның түпкі идеясы да, автордың қаламгерлік шешімі де тұтас туындыға арқау болып тартылып, мінсіз қызмет атқарып тұрғанын аңғармау қиянат.

Еркіндікті аңсаған есіл ердің елдің ертеңін, ұлттың болашағын ойлап, қолына қару алғаны, ақырында қайраңда қалған балықтай күй кешіп, сан соққаны, күресінің мәнін жете түсіне алмай, кімнің дос, кімнің жау екенін анық айыра алмай адасқан қаздай күй кешкені, кешегі Қаз қыпшақтың тұяғы, бүгінгі ұрпағы Құланның құладүздегі қашқын қалпы, бейдауа тірлігі кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Шарбақбай, Майлық, Кутский және т.б. кейіпкерлермен арақатынасы да көңілін жұбатпайды Құланның. Кешегі айтулы мергеннің, әккі батырдың бүгінгі әрекеті, саяқ жүрісі, оқшау халі жазушының да мұңымен қатар өріліп жатқандай күй кешеміз. Кеңестік идеологияның қалыпты рамкасына қарсылық танытып күн кешкен, өзінің оқшау бейнесімен, сөз саптасымен, амал-әрекетімен дараланатын  кейіпкерлер аз емес Ақанда. Талай ердің есімін елдің жадынан өшіруге тырысқан, ерлігі ездікке баланған құқайды алаштың талай азаматы кешкен, темірдей тәртіп орнатқан кеңестік режимнен сын сағаттардың өзінде қаймықпай, алаштың арда ұлының атын алмағайып заманда да ұмытпай-ұлықтауы, әдебиеттегі көркем-тарихи бейнесін сомдауы Ақан Нұрмановтың ұрпақ алдындағы арды ойлауынан, ұлт болашағынан үміт үзбеуінен деп танитынымыз анық. Қорыта келе, қаламгердің романның өн бойында Құланның үміт пен күдік, өкініш пен сенім арқалаған арпалыс сезімін, іс-әрекетін қатар алып, ел ертеңі, ұлт тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен есіл ердің  тағдырына терең үңіліп, ұлттық сөз өнерінде психологиялық астары қатпарлы, философиялық толғауы тұщымды туынды жазып қалдырғанын  қайталап айтқымыз келеді.

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Нұрманов А. Құланның ажалы. Роман. –Алматы: Жазушы,1969.-221 бет.
  2. Ысқақ Қ. Келмес күндердің елесі. //Жұлдыз, 2008.-№6.-208 бет.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*