ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Әдебиет әлемі Мен оқыған бір кітап

З. Ахметованың «Шуақты күндеріндегі» рухани уыз

ai_admin 24.11.2018 69 рет қаралды

З. Ахметованың «Шуақты күндеріндегі» рухани уыз

Ханнан да, қарадан да қаймықпай, әрбір күнін ертеңі үшін игілікті қылып өткізуге тырысқан қазақтың өзге халықтардан ерекшелігі неде екенін білесіз бе? Қазақтың  ерекшелігі – тілазарлықтан аурудай шошыған, тіл қатпай үлкенді сыйлауында, тыңдай білуге үйренуінде, сөз байласса – сөзге сай, іс байласса – іске сай, «Мал – жанның, жан – ардың садағасы» деп ала жіптен аттамай, бойын түзеуінде жатыр.

Күнделікті өмірге, қазіргі қоғамның тыныс-тіршілігіне көз жіберіп қарар болсаң, отбасы институтының құлдырауы, көкек ата-аналардың көбеюі, феминизм дертінің өршуі, рухани тәрбиеден сусындамаған қатігез, адамгершілік асыл қасиеттерден мақұрым ұрпақтың өсіп жатқаны тәніңді қанжармен кескілегендей қинайды. Жоғарыда айтылған ерекшеліктерімізден бірте-бірте қол үзіп бара жатқанымыздың белгісі осындай мәселелердің шырмалуынан байқалады. Шырмалған түйіндерді тарқатуда бірігіп еңбек ету – біздің басты парызымыз болып табылады.

Елдегі әрбір азаматтың патриот болып өсуі салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Ұлттық рухани уызы дарымаған ұрпақтан ұлттың, елдің қамқорын, болашағын күтуге әсте болмайды. Есте жоқ ескі заманнан-ақ ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы елді алаңдатқан, бұл мәселенің күрмеуін таппайынша, дегбірді қашырар күйден айырыла алмайтынымыз анық. Отбасы құндылығының құрдымға кетпей, жандануына барынша ынта-ықыласын бөлген қазақ халқының іргелі іргені берік ұстауға бағытталған жоспарлы жазылмаған заңдарының қоғамда алар орны ерекше. Заңдардың жүйесіздігі, өз қолданылу орнының ауысуы көрініс тапқан кезде қоғамдағы сан алуан дерттер өршелене түседі. Ұлттық болмысқа тән емес дүниелер орын алып, «отбасы» атты біртұтас жүйеге зақым келеді.

Қоғамдағы мәселелерді неге санамалап отыр дейтін болсаңыз, осы бір дерттерден айығуға, берілген өмірді жауапкершілікпен сүруге өзіндік септігін тигізетін, мақалаға арқау болған «Шуақты күндер» кітабы жайында сөз қозғамақпын. «Отбасы өзінің күні бүгінге дейін қоғамға мәлім тарихи формалары арқылы белгілі бір дәрежеде мемлекеттің тәрбиешісі, ұясы рөлін атқарып келеді. Себебі, әр отбасының тәрбиелілігі – азаматтың беделі, ол мемлекеттің тәрбиелілігінің айнасы» Р. Төлеубекова келтіргендей, сақылдаған аязда, сартылдаған соғыс сахнасында қолдан келер күшін аянып қалмаған, елге келген соң да халық игілігі үшін еңбектенуден шаршамаған біртуар Бауыржан атамыздай батыр бейнесі арқылы Зейнеп Ахметова тек бір тұлғаның ғана емес, күллі ұлттың болмысын ашып беріп, төрткүл дүниеге паш етті. Әке мен баланың арасындағы мансапқорлыққа, жемқорлыққа, өтірік пен жалғандыққа иілмейтін, дардай атақтан бойдағы ар-намысты жоғары қоя білетін шынайы сезім; ата мен немере арасындағы үлгі-өнеге мен ғибратты әңгімеге толы сыр-сұхбаттар арқылы ел ертеңінің, қазақтай өр елдің жалғасының тұла бойына ұлттық болмысты дарытқан қажырлы еңбек, тек мейірімнен тұратын ыстық қарым-қатынас; ата мен келін арасындағы өрескелдіксіз, қытымырлықсыз, тізбектей созылған нақыл сөздер, қарапайым мысал-әңгімелерімен ибалы келін, асыл жар, ұлт анасына дейін жеткізген ризашылыққа толы сыйластық; үй иесі мен қонақ арасындағы қыл жібі үзілмес сыйласым, қолындағы соңғы асына дейін қонаққа асататын ақкөңілділік пен қонақжайлылық; достар арасындағы атақ пен даңқтың санына санасып бөлінуден аулақ, бір-бірін туғанындай жақсы көретін адалдық пен қарапайымдылық; қайын бике мен күйеу бала арасындағы қылжақтаудан ада, жоғын жоқтатпауға тырысып, қолдан келген көмекті аямай барын ортаға салған шынайы бауырмалдылық көрінісі және т.б. рухани  болмысты айна-қатесіз айқындайтын қасиеттер  кітап бетінде лек-легімен орын тапқан.

Қорыта айтқанда, Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» атты кітабын оқыған болсаңыз, ұлттық рухтың қара нардай қайраты мен алдаспандай айбатының бояуына қанық боласыз. Ұлттық рухтың сан қатпарлары мен өткелдерінің мәнін ашып, жете ұғына түсесіз. Соңғы кездері Елбасымыздың «Рухани  жаңғыру»  мақаласы аясында ұлттық код пен ұлттық болмысты жаңғырту, дамыту барысында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дәл осы жұмыстардың құрғақ уәделер мен сөздер арасында шектелмей, нәтижелі болуын қаласақ, «Шуақты күндерді» қолымызға алып, ішіне терең үңілуіміз қажет. Сондағы тәлім мен өнегенің пайдасының ұрпаққа берер орасан зор болары анық. Рухани уызды берер дүниелерді ішінде бүгіп сақтап, бас пайдасын ойлап қалмай, көңілінің көкжиегінде әлдиленген ыстық естеліктерді, ғибратқа толы өнегелі өмірді кітапқа түсіріп, жас ұрпаққа сусындауға жағдай жасап беріп отырған Зейнеп Ахметоваға халқының көрсетер құрметі еш уақытта толастамайды. Бір үзік ғұмырдың өрнектері сан мың өмірлердегі рухани болмыстың, ұлттық кодтың жаңғыруына сеп болып жатыр. Бола да береді. Бұл – сыртқы бұла күштердің тосқауылдарына бағынуды білмейтін, ешқашан тоқтамайтын процесс. Бұл – алтын жүректі халықтың ризашылықтан туған ыстық сезімі.

 

 

Тиышбай Наргиза

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті

 

 

Алдыңғы мақала

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*