ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Әдебиет әлемі Басты ақпарат

«Шындық үшін шырылдағандардың үнімін…»

ai_admin 04.12.2018 7 рет қаралды

«Шындық үшін шырылдағандардың үнімін…»

(Алаштың аяулы қыздары Шолпан Ахметқызы мен Гүлнар Міржақыпқызы ізімен)

 

Райхан ИМАХАНБЕТ, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті м.а.

 

Мені ахметтанушы деп танитындар, әрі Алматыдағы Ахаң үйінің жанашыры деп қарайтындардың сеніміне сілкеу түспеуі үшін «жоқтан бар жасауға» тырысып-ақ келемін. Себебі, ұлт мүддесіне жұмыс жасаған Ахметтей ақиық ұлдың музейінде қоғамдық негізде (айлықсыз) жұмыс істеп жүрген мен… алдағы күні Ахмет Байтұрсынұлы музейінің ахуалы қандай болатынына қатты алаңдаймын. Өскелең ұрпақ тәрбиесінде тағылым мектебі деп танылған Ахаң үйінің келелі мәселелерін БАҚ бетінде көтергеніме 15-17 жылдай болыпты. Енді шешімін табады-ау деп үміт оты шоқтана бастағанда көлденеңдеушілердің шоқпары мықты ма, әйтеуір Ахаң үйінің «түтіні түзу шықпай-ақ қойды». «Түтіні түзу емес» деген зарымның астарында зор қауіп, санамды жегіқұрттай мүжіген сансыз сауал жатыр.

Біріншіден, ғасыр басында жетілген жұрттардың тілінің жетегінде адасқан алаштың әліпбиі мен әліппесін түрлеуші ғұлама кім?! Әлбетте, Ахмет! Дәлел 1912 жылы Орынборда жарық көрген Оқу құралы: қазақша әліппе; Екіншіден, жұртымыз орыс патшалығына бодан болып тұрғанда «қырғыз» атанған еліне қ а з а қ деген төл атауын қайтарған қоғам қайраткері кім?! (Әлбетте, Ахмет! Дәлел Орынборда жарияланып тұрған «Қазақ газеті» 1913-1918 жж); Үшіншіден, соңыра қазан төңкерісімен келген «Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!» дейтұғын көсем Лениннің қалың бұқараға беретін теңдігі кезінде ұлтына дербес ел болу үшін шекарасы анықталған автономия әперетін мемлекет қайраткері кім?! Әлбетте, Ахмет! Дәлел Орынбордың 1920-1924 жылдары қазақ елінің рухани ордабасы болуы. Тізе берсең, қазақ ұлты алдында тарихи істері таудай теңдессіз тұлға кім?! Әлбетте, ол Ахмет Байтұрсынұлы! Осындай туған еліне қалтқысыз қызмет еткен ерен ердің артында қалған, көзіндей болған жалғыз жәдігері – музей-үйін мемлекеттік емес деп айтудың өзі үлкен ҰЯТ!!! Өкінішке орай, мемлекеттік емес, Ахметтей тұлғаның асыл мұрасын ел игілігі, мемлекетіміздің ұлттық мақтанышы деп қарамайтын жекеменшіктің құзырында. Ол жекеменшік мекеменің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қор деген аты бар, бірақ заты жоқ. Бұл өз алдына желісі бөлек, жауыр болған ұзақ әңгіме.

Жоғарыдағы жанды жеген жегіқұрт сауалдардың жауабын тағы Ахаң ғибратынан тапқандай боламын. «…Не пайда, өнерің мен біліміңнен, Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?» дейтұғын қазақ оқығандарына жолдаған насихаты өреліні оятары анық қой деп жұбанамын, сосын рухты деген жандарды жағалаймын-ай келіп… Мүмкіншілігі бар, сөзі өтімді, қолы ұзындардан Ахаң музейіне араша болуларын сұраумен мезі еттім. Лауазымды тұлғаларға мән-жайды айтып, Әдебиеттану ғылымы: асылсөздің ұлттық нақыштағы негізін салушы Ахаңның үзеңгілестерінен несі кем, әдебиет алыптары: Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов және басқа да толып жатқан тарихи тұлғалардың музейлеріндей мемлекеттік мәртебесі бар, әрі үкімет қаулысымен қаржыландырылатын мекеме жасап беріңіздерші деп жалынудамын. Тіпті, оның иіні келгендей де болды, мәдени мұраның бірден бір жанашыры, қоғам және мемлекет қайраткері Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың тапсырмасымен жылдар бойы қатқан көң жібігендей болып, жылдық бюджеті есептеліп, атауы да анықталып, нақтырақ «Ахмет Байтұрсынұлы мемориальдық музей-үйі – Ахметтану ғылыми-зерттеу орталығы» деген жаңа атаумен рәсімделгелі тұрған тұстан тағы тоқырап қалды…

Елбасы Н.Назарбаевтың тағайындауымен И.Тасмағамбетов Ресейге елші болып кетті, ал қалғандары Ахаң мұражайын мемлекеттік жасауға аса құлықты болмай тұрма дерсіз?! Мәдениет және спорт министрлігінің бар айтары – меншік иесі Ахаң мұражайын үкіметке сыйға тартуға ұсыныс-хат түсірсе, республикалық бюджетке аламыз дейді. 21 жыл бойы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қорға қарайтын музей-үйде өзімнің негізгі кәсібім мұғалімдікпен қатар, айлықсыз жұмыс атқарып келе жатқан маған, қоғамдық қор ахуалы мен оның «аты бар да, заты жоқ» басшысының ұстанымы аян болғандықтан, бұл неткен әділетсіздік деп қайранмын. Ахметтей тұлғаның шын мәнінде, кіндігінен бала болмағаны, асырап алған қызы Шолпан Байтұрсынова-Байсалова ғана заңды мұрагері екені «тайға таңба басқандай» құзіретті ұйымдармен расталғанын алаштанушылар біледі.

Кезінде шындық үшін шырылдап Шолпан Ахметқызы мен Гүлнар Міржақыпқызы аяулы әкелерінің тұрған үйін азып-тозып тұрған жерінен алғашқы болып табушылар еді ғой! Тіпті, Алаш арыстарының қазақ қоғамына қайта оралуына, ресми ақталуына жансебіл жұмыс жасаған Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова екенін бұл күні біреу білсе, біреу білмес! Гүлнар Дулатованың Мәскеуге әкесі Міржақып пен атаекесі Ахметтің ісін қайта қарауларын сұрап, ауық-ауық өтініш хат түсіруінің арқасында тарих бетінің «ақтаңдағы» аршылды. Мұны қос кейуананың құмығып, күңірене айтқандарынан естіген едім. Бұл шындықты Міржақыптың жиені Жаннат Әбенқызы мен Ахаңның жиені Айман Қабиденқызы да біледі, сонымен қатар, Ахмет тұрған үйді табуға атсалысқан ғалымдар: Аманқос Мектептегі, Ғарифолла Әнестер куә! Алаш Арыстарының алғашқы шоғыры Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлының 1988 жылы 4 қарашада ақталуын Гүлнар апа Дулатова: «тағдырдың менің туған күніме жасаған сыйы» деп, ерекше толқығанын да көзіміз көрді. Сөйткен аналарымыз Ахаң үйінің мемлекеттік болғанын көре алмай, бұл өмірден озды… Десе де Міржақыпқызы Гүлнардың артынан Алаш қайраткерлеріне қатысты құнды деректер қамтылған маңызы зор естелік кітаптар қалғаны көңілге жұбаныш.

Шолпан апаның тауқыметті тағдырының кейбір тұсы ғана маған мәлім, ал беймәлім қанша жұмбағы өзімен кетті десеңізші! Ахметтану тақырыбына алғаш қалам тартқанымда мақаламның «бісіммілләсі» Шолпанға арналған болатын. Себебі, ол кісіге әкесінің ақталғанын көру бұйырса да, Гүлнар замандасындай том-том кітап жазу бұйырмады… Аталарымыз айтатұғын «іштен шыққан жау жаман» демекші, Шолпан апаны айдау мен түрменің зардабынан бөлек, «жан дертінің» күйігі ортамыздан ертелеу алып кетті. Кейуананың қайғы-мұңына ортақ болғандықтан, Шолпанның өмірден озғанына үш жыл толғанда, сол бір аяулы жанның бейнесі ұмыт болмаса екен деген үмітпен мақала жаздым. Тырнақалды естелігім «Мен білетін Шолпан апа» деген атаумен 1997 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Шолпан әкесі Ахметтің аяулы есімі ақталған кейін «Алдымда асқар тау боп сен тұрасың…» деген жүрекжарды толқынысын БАҚ бетінде жариялады. Ал, Шолпан туралы жорналшы, марқұм Армиял Тасымбековтің «Қаршадай қызды қамауға алған» атты мақаласы кейінгі ұрпақты Алаш Арыстары ұрпақтарының азапты күндерінен хабардар етіп қана қоймады, талай жанның Алаш тақырыбына келуіне түрткі болды.

Ия, Шолпан апаның өмірден озғанына – 24 жыл толса, ал Гүлнар апа Міржақыпқызының мәңгілікке сапар шеккеніне – 5 жыл асты. Қос ананың Алаш Арыстары, асқар тау әкелері туралы «ақиық армандары мен шындықтары қаншалықты орындалуда» деген сауал ой-санамда қонақтап алғандай… Үндері құлақ түбінен үнемі сыбырлап тұрғандай елеңдеймін. Бірде Гүлнар апаның кезекті «Ахметтану оқуларына» келгенінде, «бұл күнді Шолпан марқұм көре алмады ғой, атаекемнің жалғыз мұрагері ол – Шолпан» деген күрсінісінің астарында ащы ақиқат жатқанын кештеу ұқтым. Бірақ, «неге біз осынау… өзек өртер өкініштерден сабақ алмаймыз» деп ұзақ ойға шомдым. Сосын шындықтың үні болуға өз-өзіме серт бердім.н

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*