ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Проза

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР: АТАСЫНЫҢ БАЛАСЫ

ai_admin 14.04.2019 8 рет қаралды

Атасының баласы

(әңгіме)

– Мұқыштай, әй, Мұқыштай! Аталарыңмен амандас…

Үйден жүгіре шыққан бес жасар Мұқыштай атасының достарына үлкен кісілердей «ассалаумағалейкум» деп маңғаздана қолын ұсынды.

– Уаға-лей-кум-уәс-салам! Бұл қай бала?

– Атамның баласымын!

– Атаңның аты кім?

– Бірлік…

– Өй, сен өзі үлкен кісінің баласы екенсің ғой… Әй, Біке, мына бала Талапқа ұқсап кеткен бе, қалай өзі?!

Қағыта сөйлеген – Айтбай ақсақал. Әйтеуір келген сайын Мұқыштайдың есіне Алматыдағы Талап көкесін салып, атасының қитығына тие береді.

– Е, көкесі болған соң, тарта береді де…

Мұқыштай еркелей келіп, атасының тізесіне отырып алды. Әжесі шай қамымен зыр жүгіріп жүр.

– Ата-ата, білесің бе, бүгін балабақшада Күлтәй апай: «Сен Талаптың баласысың» деп айтты…

Бірлік ақсақал дәп біреу қара саннан шымшып алғандай шоршып түсті.

– Е, сен не дедің?

– Мен бе? Мен атамның баласымын деп айттым.

Қариялар Мұқыштың сөзіне мырс-мырс күліп жіберді.

– Әй, бұлардың іші қу ғой… Қарашы қутыңдай қалуын…

Әжесі бұл уақытта шайды да қамдап үлгерген еді. Бірлік ақсақал мына мысқылды тез тиғысы келді ме: «Ал, ниет қылыңдар» деп қолын жая қойды. Үлкендер бір-бірін сыйлап, «сен қайыр» десіп жатқанда Мұқыштай атасы үйреткен батаны судырата жөнелді…

– Дастарханың тоқ болсын, уайым-қайғың жоқ болсын, бақ-дәулет берсін бастарыңа, ғұмыр берсін жастарыңа, бәле-жала, жын-шайтан, жоламасын қастарыңа. Әумин. Аллаһу акпар!

Дастархандағылар не дерін білмей, баланың батасына бет сипасты. Мұқыш болса, манадан бері өзі аңдып отырған 3-4 кәмпитті дастарханнан іліп алды да, төргі бөлмеге қарай зып берді.

Осыдан бір апта бұрын Мұқыштайдың Ерейментаудағы нағашылары келген. Жиендері мінсін деп, бір жирен қасқа тай да ала келіпті. Ауызғы бөлмедегі ақсақалдар сол тай жайлы ауыздарының суы құрып, әңгіме-дүкен құрып отыр.

– Ерейментау мен Үйсінтаудың арасы қанша шақырым болады екен?

– Мың бес жүз шығар.

– Е, балаңның нағашысы ер-ақ екен. Соншама жерден «қырық шұбар тайды» көлігінің тележкісіне тиеп әкелу оңай ма?

«Қырық шұбар тай» деген сөз Мұқыштайдың құлағына біртүрлі естілді.

Ауызғы бөлмеге жүгіріп шығып, шалдардың әңгімесін бұзып жіберді.

– Ата-ата, «қырық шұбар тай» деген немене?

– Е, балам, «қырық шұбар тай» дегенің – жиенге жасалатын жоралғы. Кейбір қазақтар мұны «жиенқұйрық» деп атайды. Ертеректе бабаларымыз қыздың баласына қырық шұбар тай немесе қырық серкеш сыйға тартатын болған.

– Нағашы атам маған бір ғана тай сыйлады ғой. Енді тағы көп тай әкеліп бере ме?

– Жоқ, балам, осы бір тайың қырық жылқыға татиды…

Қонақтар: «Балаңның дәмесі зор ғой» десіп, тағы да күліп жіберді.

Мұқыштай енді «қырық шұбар тайын» анықтап бір көру үшін далаға бет алды.

Жирен қасқа алдындағы шөпті қырт-қырт шайнап тұр екен. Кеше ғана онға дейін санап үйренген балақай «қырық деген көп сан» деп ойлады. Сандарды лезде жаттап алған немересінің ықыласына қарап, атасы: «осы балаға бәрін ұқтырып жүріп, санауды неге ертерек үйретпегенмін» деп қамығып қалып еді. «Қап» деді Мұқыштай. «Бүгін атама қырыққа дейін санап үйрет демесем… Кейін тайым ат болғанда, мен жігіт боламын. Арғымағыма ер саламын да, құстай ұшып, Ерейментаудағы нағашыларыма барамын. Атам мен әжемді қалай ертіп алсам екен. Олар да атпен барады. Жоқ, кәрі кісілер атпен алысқа жете алмайды ғой. Е, олар Талап көкемнің көлігімен барсын»…

– Мұқыштай, әй, балапаным, аталарыңның қолына су құй…

Баланың әп-әдемі басталған қиялы кілт үзіліп қалды. Қолына құмғанды ала сала жүгірді.

«Жігіт болды деген осы. Көсегең көгерсін!». «Талап көкең секілді дәу жігіт бол!». «Атаңа келін түсіруге жарап қалыпсың, аман бол!».

Үлкендердің батасын алған Мұқыштайдың мерейі өсе түсті. Атасы ылғи да «үлкендердің батасын алып жүр» деп отырады.

– Балам, енді аталарыңа «әпшүу» бер…

Мұқыштай атасының бұйрығын әп-сәтте орындады.

– Ә-ә, әпшүу. Көп жаса…

Шалдар жағы үйлеріне қарай бет алды.

– Ата, ата, бар ғой. Бағана Айтбай аталар келгенде, жеті атамды айтуды ұмытып кетіппін.

– Сен жеті атаңды жаттап алып па едің? Ал, маған-ақ айтып жіберші…

– Мұқыштай, Бірлік, Нұр…

– Әй,

ботам, тоқтай тұр. Талап қайда?

– Ол жоқ қой…

– Айта бер! Талапты да жеті атаңа қосайық. Алматыдан келгенде риза болып қалсын.

– Мейлі, – деді Мұқыштай.

– Мұқыштай, Талап, Бірлік, Нұрсапа, Әбілқайыр, Батырбай, Боташ, Төртбай, Баяс, Жаман, Жанбаба…

– Ой, жарайсың… Қазақ жеті атасын білмегендерді жетесіз дейді.

– Мен сонда жетелі болдым ба, ата?

– Иә, қарағым… Жетелісің, әлі-ақ жетелі елдің жетекшісі боласың…

***

Бүгін Мұқыштайды апайы жер-көкке сыйғызбай мақтады. Өйткені, ол кісі балаларға әнұранды жаттатқызбақ екен. Мұқыштай суырылып алға шықты да: «Менің елім, Менің жерім» деп рухты әнді әуелете шырқап қоя берді…

– Мұқыштай, сен әнұранды қайдан білесің?

– Атам үйретті… Мен жеті атамды да, «қырық шұбар тай» дегеннің не екенін де білемін.

– Балалар, қараңдаршы, Мұқыштай білімді бала екен ғой.

– Апай, білесіз бе? Менің үш атам бар. Бірінші – Абай атам! Ол – менің ғана емес, барлық балалардың атасы. Екінші – Нұрсұлтан атам. Ол – еліміздің басшысы. Үшінші – Бірлік атам. Мен оған: «Нұрсұлтан атамды «соғым басыға» шақырайықшы» деп айттым…

– Атаң не деді?

– Атам, Құдайдан тілесең, ол кісі үйімізге қонаққа келеді деп айтты.

Өзге бүлдіршіндер әнұран жаттап жатқанда, Мұқыштай тәтті қиялдармен отырды. Алматыдағы Талап көкесін, Айгүл жеңешесін, Асыл қарындасын ойлады. Олар ауылға қашан келеді екен? Әжесі көкесі мен жеңешесінің тағы да бір бөпе сатып алғалы жүргендерін айтып еді. Ұл сатып алады ма екен, жоқ әлде қыз… Атасы бірде Талап көкесіне: «Не үй жоқ, не күй жоқ. Қаңғығаның жетер. Балаларды елдің босағасына телміртпей, ауылға көш» деп ұрысқан еді. Талап болса:

«Көрерміз» деген басы салбырап… Мұқыштай көкесі мен жеңешесін қатты сағынғанын аңдады. Кенет кешегі түсі ойына оралды. «Жирен қасқа тайымен Алматыға барыпты. Талап көкесі: «Неге келдің?» деп сұрайды. «Сендерді әкетуге» дейді бұл. «Е, онда біз дайындалайық» дейді ол. Дәл осы тұста оянып кетіп еді.

– Мұқыштай, әй, Мұқыш, әжең келіп тұр.

Мұқыш атып тұрып, жинала бастады.

Әжесі айналып-толғанып, қасында жүр.

– Балапаным, құлыным сол… Атаңнан сүйінші сұрайсың… Талап көкеңдер қыз сатып алыпты. Шақалақты қырқынан шығарған соң, біржола көшіп келеміз депті.

– Әже, сүйінші деген немене?

– Ой, атаңнан сұрап аларсың… Бол тез, ботам! Тіл-көзім тасқа. Аман болыңдаршы, әй-теуір… Осы шал да қызық. Үйде жүре беретін баланы «дитсадқа» бергізіп…

Мұқыштай атасына жетуге асықты. Сүйінші сұрамақ. Сүйінші деген немене? Сендер де ата-әжелеріңнен, әке-шешелеріңнен сұрап, біліп алыңдаршы… Ал Мұқыштай бірер минуттан кейін-ақ бұл сұрақтың жауабын табады.

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*