ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Поэзия

Пабло Неруданың өлеңдері

ai_admin 03.06.2019 12 рет қаралды

Өлілер

Өлім, қаза…

Қыршын кетті қанша менің достарым,

Осы ма еді бұл жалғаннан тосқаным?

О, тәңірім,

азаппенен өлгендерін көрсеткенше олардың,

жақсы еді ғой жүрегімді

қанжарменен осқаның.

Қайран менің достарым…

Испан халқы ақыным деп еміренген Мигельді,

(жалындаған жүрекпен ол елін, жерін сүйген-ді),

Федерико ер еді ғой, ер еді ғой…

Солардың

көздері мен тілдеріне темір шеге түйрелді.

Қалай ғана соны көріп сыя алармын үйге енді?

Гүл еді ғой екеуі де, құдайым-ай, бүр ашқан,

үзілгенін көріп сонда сорлы халық жыласқан.

Тірі күйде жанған отқа лақтырғанда екеуін

қалай ғана шыдап түрды Жерге түспей бұл аспан?

Иә, иә, қанішерлер сол ерлерді жоқ қылды,

(мен байғұстың жанарымда өшігу мен от тұрды).

Ойыншығы суға кетсе, жылаушы еді сәби де,

ал мыналар асылдарды көрмеді ғой доп құрлы.

Испан жері қан сасыды,

арыстандардың өлігімен шыбындарды жемдедік,

қанға қанмен жауап берер қалған да жоқ елде ерік.

Қанға бөгіп тірі қалған жандары да шарасыз,

өліктердің арасында жүр әйтеуір сенделіп.

Не істеу керек?

О, сол соғыс!

Уақыттың

қан жаудырған кезі еді.

Ол қайғыны бақыт, Күн

өшірмесін сезеді.

Барлық тірлік, бар адам,

сезеді Жер де, жылдар да.

Тек тірлікті қалаған

аспан, гүл де, құмдар да,

Испания…

Сонда мен

келгем алыс жақтардан.

Құшақ ашып қорғап ең,

балапандай бапталған.

Сен бергенсің жаныма

әндей мөлдір арманды,

Мен құлшынып тағы да

ұмтылғанмын таңға алғы,

Мен бақытқа кенелдім,

арнап балаң жырымды,

ән қып өтсём дегенмін

сенің адалдығыңды.

Сенің отты күндерің

алаулаған жалыннан

көз алдымда жүр менің,

кетер де емес жадымнан.

Жаттың шыдап бәріне:

тауың кұлап, гүл сынып.

Жерің жатыр әлі де

көз жасына тұншығып.

Сол бір соғыс…

жететіндей барлығы

секілді еді-ау құрылықта.

Адалдық та, таң нұры,

мейірім де, шындық та.

Нан жоқ еді. Түске енген…

Сосын темір жетпеді.

Сонда адамға күш берген

махаббаттың от демі.

Адамдарда күш қайнап,

ерліктерге ұмтылған,

кектенуден тіс қайрап

жанарда ыза, мұң тұнған.

Махаббат бар, жалын бар,

қару ғана жоқ бірақ.

Бойда қуат, ағын бар,

өршіп жатыр от бірақ.

Не істеу керек мұндайда —

сұрап тұрмын сендерден?

Жауап берер бұл жайға

қайсың барсың, кел бермен!

Не істеу керек,

егерде —

кеудені ыза торласа,

қолда дәрмен болмаса;

жұдырықты түйгенмен,

Жеңіс құсы қонбаса?

Не істеу керек? Не? Не? Не?

Айтыңдаршы, адамдар,

қала, дала, қамал да –

бәрі тұнса ажалға,

бұған қандай амал бар?

Тістену бар, ыза бар,

жүректер бар қан тамған,

армандар бар жалтарған,

жігіттер бар бейне бір

жараланған қарт арлан.

Не істеу керек –

азу тістер қайралып,

қолдар артқа байланып,

шаңдақ жолдың бойында

бұғау түсіп мойынға

қарай да алмай айналып

өңкей маңғаз жігіттер

бара жатса айдалып?

 Қор болған жер

Азаптан тұншыққан өлкеге қарашы,

жалғыз үн қатуға келмейді шамасы.

Күл-талқан жартастар…

Бидайдың

орнында қан бөккен даласы.

Мекен-жай еді-ау бұл ақ арман басталған,

бүгінін қарашы қан жутып жас тамған.

Онсыз да жаралы жерімнің төсіне

қорғасын құйып тұр аспаннан.

Тақырлар көл болды көз жастан қақ тұнып,

жер мен көк арасы өксіктен жатты ұлып,

жынданған аналар, о, сұмдық,

сәбиін өздері құздардан лақтырып.

Жол жатыр өлік пен тастарға көміліп,

қайғы мен жанталас, ашу мен долылық…

Қанша өлім, қанша азап Жер үсті,

тағы аң да қашады тастарға соғылып.

О, адам, бір кезде өкініп кеш деме,

жер ғана әжім қып өрнектер кестеге,

бұл қанды ешқашан жуа алмас ештеңе,

теңіз де, уақыт та,

ештеңе-ештеңе!

Ұйқысыз түндер

Сүйікті менің Отаным,

не болар сенің тағдырың,

қандай боп туар алғы күн –

түндерде талай дөңбекшіп,

атқызады оймен таңды ұлың.

Мен соншалық сүйемін

әр тасыңды да, киелім.

Бұрқанып жатқан теңіз бен

тауыңа басымды иемін.

Сенімен бірге гүл аттым,

бақыттан сенсіз жырақпын.

Сонау бір сәби шағымнан

сенімен күліп, жылаппын.

Өзіңді барлық қалпыңмен

қалтқысыз сүйдім, ұнаттым.

Ал бүгін, жаным сезеді,

ой тыным таппай кезеді.

Қателік толы жылдардан

көзді жаңа ашқан кез еді.

Адалдык пенен шындықтың

жетті ғой деп ем кезегі…

Зұлымдық тағы көрінді-ау,

қабырғам соған сөгілді-ау.

Интернационалдық бригаданың

 Мадридке келуі

Салқын еді ақ таң да,

Қала шаң мен саз балшыққа батқанда,

Мароккодан келген қорқау қасқырлар

жаппай ұлып жатқанда,

Мадридтің тұрған кезі қақпанда,

Біз ешкімге, ештеңеге сенуден

қалған едік сол көңілсіз шақтарда.

Аждаһаның аузында тұрғанда,

Мұнан асқан қайғы менен мұң бар ма?

Салқын таңда өр Мадрид амалсыз

боз тұманға тұнғанда.

Сонда мынау өз көзіммен көріп ем:

боз тұманның төрінен,

нұр төгіліп өңінен

келе жатты құрыш жандар қарыштап,

құрту үшін қорқауларды жаныштап.

Ол қайғылы кез еді,

Испан жерін сайқал өлім кезеді,

Әйел біткен жалғыздықтан өртеніп,

Кеуделерін нала түндер езеді.

Көшелерде адам қаны жосылып,

Ылай сумен қосылып

Қатып қалған тірі мүсін аналар

сәбиінің өлімінен шошынып.

Жолдастарым, сол шақта

Жүздеріңді көргем мен —

Жанарыңда от, өр кеудең

Кастилия майданына бет алып

бара жаттың. Үміт оты сөнгенмен,

Испан халқы тұрды саған бас иіп,

Бостандығын аңсап кеше көрге енген.

Туған жерді алыс жақта қалдырып,

Ұйқы көрмей жанарларды талдырып,

Винтовкамен от кештің,

Жауыздармен кектестің,

Келбетіңде жеңем деген бар-ды үміт.

Туысқандар,сендердің

өрлігіңді бар әлем

ұқсын биік санамен:

сол ерлігің үміті өшкен жүрекке,

Тұншықтырған шахтыларға-түнекке,

найзағайын тастасын,

Сөйтіп барлық түнектерді таптасын!

Испан жері, бүкіл әлем қашан да

ұмыта алмас сол істі:

жан аямай келіп алыс жат елден

Жараланған бостандықты әперген

жолдастарын құрбандыққа шалдырып.

көкірегін қан қылып,

жау бастаған соғысты

аяқтаған қан кешсе де жеңіспен

өздеріңе барлық әлем борышты.

 Өлген солдаттардың аналарына

Өлген жоқ олар:

Үрыстың даласында,

Қантөгіс пен дауылдың арасында

кек тұнып көздерінде,

ойы жоқ өзге мүлде,

төгілген қандар үшін,

қапыда құрбан болған жандар үшін

салды олар қанды ұрысты,

күшінен жау да ығысты.

Айбынды бейнелері

тұр бүгін гүлге оранып,

денесін күнге малып.

Айналасы егінжай жайқалады,

Олар жайлы ұрпақ ән айтады әлі.

Қайғылы аналарым!

Сеніңдер өлгендерге,

Жауыздық төнген жерде

Әділет жеңісі үшін

жандарын пида қылды

боздақтар ар жолында,

Өмірін қиған ұлды.

Күні ертең дабыл үні

Рухымен солардың жаңғырады,

Тұншығады дұшпанның сандырағы.

Жатса да қанға оранып,

Отты қару түскен жоқ қолдарынан,

Ажалдың қорғанынан

ешқашан қорықпады,

кек алмай шегінбеді,

Дұшпанға берілмеді,

Өмірден сол ұққаны.

Аналар!

Көз жастарың оқ болсын

күндіз-түні жауларға атылатын,

жеңістерге шақыратын.

Үміт боп жүректерге,

күш болсын білектерге.

Мен білуші ем сендердің ұлдарыңды —

жігіттерді кіл жалынды.

Найзағай күлкілері

жаңғыртып түн түнегін,

Жалынды жүрекпенен

тотыққан күз желімен

нұр шашып жүздерінен.

Аналар!

Мен де бірге сендермен

Қайғыменен сенделгем,

Ұйқы қашып, ой қажап,

Торын жайып қойды азап.

Бірақ сенем:

бұл қайғының артынан

көз жасынан сейіледі бар тұман —

күн шығады, нұрлы сәуле тарайды.

Біздің арман осы еді ғой талайғы.

Сонда өлілер Жерден тұрар күшке еніп,

Жұдырығын түйген күйі тістеніп,

Нұр сәулеге күлімсіреп қарайды.

Халық армиясы туралы ода

Әлемдегі бар ана,

мектептегі бала да

бір өзіңе бас иеді табынып,

келесің сен халықтардың үміті мен

сенімдерін жамылып,

олар үшін сенсің сенім, ақ үміт.

Ақ бидайлар ырғалып,

Жер-ананың келбеті де нұрланып

тосады ылғи алдыңа

қасиетті ақ сүтін де, нанды да;

жапырақтар сылдырлап,

қара тас та қатып қалған мың жылдап

балқығандай.

Күліп атып таң мына

бір өзіңе нұр шашып тұр. Ендеше

еш уақытта қалғыма!

Туысқандар, бас алға!

Арқалаған елдің, жердің сенімін,

естисің бе қансыраған кек үнін,

көресің бе, қара Жер де тұр жүдеп…

Ұмтылыңдар алға түнді тілгілеп.

Жауынгерлер, қаһарынан қыс тамған,

өткірлігі найза сынды ұшталған,

жалғау үшін тіршіліктің тамырын

сөндірмеуге отты өмірдің жалынын,

Бұлтсыз күнде көк аспанда тосыннан

найзағайдың жарқылынан шошынған.

Адамдарға есі шыққан сенделіп

айбатыңмен дем беріп,

ажалға да тік тұрып,

адалдықтың мықтылығын ұқтырып.

Күші, айбыны — сендерсіңдер халыктың,

алдан туар жарык күн.

Алға, алға ұмтылыңдар, жарандар!

Оқтарыңнан қақырасын

қара түнек қамал да,

жарқылдасын қарулар,

қуаныштың жасын төксін қасіретті арулар;

жауынгерлер,

жанарларын ыза менен мұң шалған,

ұшқыштар мен партизандар

қару найза құрсанған,

халықтың ер ұлдары,

ұмтылыңдар ұрыстарға,

көрсін қорқау сендердегі өр тұлғаны!

Көзің салшы қан сасыған далаға,

шіріп жатқан өліктерге жағада —

сендер үшін мұның бәрі түк емес,

ел кегі үшін үмтыл алға,

былықтарға қарама!

Испания

Мекені алма бақтардың,

ел қорғаған мынау ұлдар — мақтаным.

Дауылдарда, қан төгісте солармен

өміріңді сақтадың.

Сарбаздары халықтың!

Талпынады саған бүкіл тіршілік,

кеше ғана қан жылаған күрсініп,

сенің жүрген іздеріңе гүл шығып,

шала-жансар жүректерде

сенім отын тұтаттың.

Олар тағы бара жатыр

болашаққа құлшынып.

Қазақшаға аударған Фариза Оңғарсынова

Кілттік сөздер:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*