ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Әдебиет әлемі

ЭКСПЕРИМЕНТШІЛ АҚЫН-ЖАЗУШЫНЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

ai_admin 22.02.2018 102 рет қаралды

Қазіргі  оқырманның дәстүрлі әдебиетте жазыла-жазыла жауыр болған тақырыптардан гөрі бүгінгі күннің оқиғасы баяндалған, жаңаша жазылған шығармалар  іздейді. Оқырман дәстүрлі әдебиеттен жеріді дегіміз келіп отырған жоқ. Бірақ тың тақырыптағы, жаңа әдіспен жазылған, жаңа ізденістегі шығармалар бәрібір керек. Бүгінде сондай туындылар бар ма? Жаңа бағытта, соңғы ізденістердің айналасында эксперимент жасап жүргендер кімдер? Жасаған әдеби эксперименті сәтті ақталып, туындысындағы жаңалықты мойындатқан жазушылар кімдер? Осы сауалдарды бүгінгі әдебиеттің айналасындағы біраз адамға қойып көрген едік. 
«Өнердің өзінің даму заңдылықтары  бар. Және ол үнемі көркемдік-эстетикалық ізденістер көкжиегінің кеңейе түсуін, өзгеше айтқанда,  экспериментті  талап етеді.  Эксперимент дегеніміз — жаңа көркемдік тәжірибе жинақтау деген сөз. Бүгінгі әдебиетте көркемдік-эстетикалық ізденістер баршылық, меніңше, бұл, әсіресе, прозада қатты байқалады», — дейді әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова. Ал ондай сипат нақты қай жазушының шығармаларында байқалатынын Бөпежанова ашып айтпады.

Қазіргі  оқырманның дәстүрлі әдебиетте жазыла-жазыла жауыр болған тақырыптардан гөрі бүгінгі күннің оқиғасы баяндалған, жаңаша жазылған шығармалар  іздейді. Оқырман дәстүрлі әдебиеттен жеріді дегіміз келіп отырған жоқ. Бірақ тың тақырыптағы, жаңа әдіспен жазылған, жаңа ізденістегі шығармалар бәрібір керек. Бүгінде сондай туындылар бар ма? Жаңа бағытта, соңғы ізденістердің айналасында эксперимент жасап жүргендер кімдер? Жасаған әдеби эксперименті сәтті ақталып, туындысындағы жаңалықты мойындатқан жазушылар кімдер? Осы сауалдарды бүгінгі әдебиеттің айналасындағы біраз адамға қойып көрген едік. 
«Өнердің өзінің даму заңдылықтары  бар. Және ол үнемі көркемдік-эстетикалық ізденістер көкжиегінің кеңейе түсуін, өзгеше айтқанда,  экспериментті  талап етеді.  Эксперимент дегеніміз — жаңа көркемдік тәжірибе жинақтау деген сөз. Бүгінгі әдебиетте көркемдік-эстетикалық ізденістер баршылық, меніңше, бұл, әсіресе, прозада қатты байқалады», — дейді әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова. Ал ондай сипат нақты қай жазушының шығармаларында байқалатынын Бөпежанова ашып айтпады.
Құлбек Ергөбек жастардан жаңа ізденістегі жазушылар деп Мақсат Мәлік пен Мәдина Омарды атады. «Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін көп жазушымыз дәстүрлі аяда жазып келді. Беріде Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиевтер жаңа ізденіспен «әдеби бунт» яғни  «көтеріліс» жасады.  Баяндаудың жаңа формасын табуымыз керек, ол кейіпкердің ішкі ағыны болуы мүмкін деп, сол бағытта ізденді. Қазір бізде де постмодернистік әдебиет бой көрсете бастады. Екі дүниені де қамтитын шығармалар пайда болды. Кейде жазушылар о дүниелік болып кеткен аруақпен  тірі адамды шығармаларында бір жүргізіп қояды. Бұл да қазіргі әдебиеттегі жаңаша тәсілдің бірі. Қазіргі әдебиетте киностилі де көрініс береді.  Бұл стильді қазақ әдебиетінде ең алғаш Саттар Ерубаев «Менің құрдастарым» романы арқылы әкелген. Бүгінгі прозаға киностилін Сатыбалды Нарымбетов  әкелді. Мен мұны белгілі дәрежеде прозадағы жаңалық деп ойлаймын. Мұхтар Мағауиннің, «Жармағында», Төлен Әбдіковтің «Оң қол» әңгімесінде, «раздвоение личности» дейді орыстар, адамның екіге жарылуы бар. Бұл да қазақ прозасындағы жаңалықтың бірі.  Қазақ прозасындағы соңғы ізденістердің бірі дегенде Мақсаттың «Ажалды қуған жігіт», «Ажалмен бетпе-бет», Мәдина Омардың «Жол үстінде» атты әңгімелері тың дүниелер болып көрінеді.  Бұл шығармаларды аяғынан төрт тағандап тік тұрған, әдеби талаптардың барлығына жауап беретін дүниелер демеймін. Бірақ  авторлардың өзгелерден ерекше жазсам деген талабы байқалады.  Жаңаша жазуға эксперимент жасап жүргендері білінеді», — дейді.
Әдеби эксперимент жайлы ақын Әмірхан Балқыбектің де ойын білдік. «Эксперимент қаламгердің өз-өзін, өзіндік стилін қалыптастыруға талпынысы. Бір жағынан өзге жазушылардан бөлектеу жазып, ерекшелену тәсілі де. Қазір қазақ әдебиетінде анау айтқандай жаңалық жоқ.  Сондықтан нақты бір әдеби эксперимент жасалынып жатқан жоқ», — деп кесіп айтты ағамыз. «Қазіргі жастардан Мақсат Мәліктің шығармашылығында ерекшелік бар. Ол ерекшелік — автордың орта ғасырдағы жапон ертегілері мен шығыстың пәлсапалық  прозасы арқылы жаңа дүние жасауға талпынысы. Мәдина Омарда готикалық яғни еуропалық әдебиеттің үлгісі байқалады.  Бірақ Мақсат пен Мәдинанікі қазақ әдебиеті үшін жаңалық болса болар, әлемдік әдебиет үшін жаңалық емес. Өйткені, әлем әдебиетінде бұл үрдіс бар. Поэзияда Ерлан Жүніс жаңаша жазып жүргендердің бірі. Ондағы жаңашылдық өлеңдеріндегі философиялық иірімдерде», — дейді ақын. Мейлі, әлем әдебиетінде бар дәстүрді жаңғыртса да, Мәдина мен Мақсат қысқа да жинақы жазу стилімен ерекшеленеді. Бүгінгі оқырманға керегі де ұбақ-шұбақ суреттеуден ада, бас аяғы жұмыр, бір деммен оқылатын туындылар шығар, бәлкім.
Қаламгерлердің дәстүрлі әдебиеттен бойын аулақ салып, жаңа бағытта эксперимент жасауына қарсы сыншылардың бірі Амангелді Кеңшілікұлы. Ол эксперимент ретінде жазылған туындыларды онша түсіне де, қабылдай да қоймайды. Өзінің айтуынша қабылдағысы да келмейді.
«Шығармашылығында экспериментке барған ақындардың бірі Тыныштықбек Әбдікәкім. Тыныштықбек шынайы, таза өлеңдерімен әдебиетке табиғилығымен қосылған жақсы ақын еді.  Кейін жаңаша жазамын деп, эксперимент жасап не болды? Тыныштықбекті тани алмай қалдық.  Өлеңдерін қарапайым оқырманды былай қойып, әдебиеттен хабары бар біздің өзіміз түсінбегеннен кейін, ондай эксперименттің не қажеті бар? Жазған дүниең  жалпыхалыққа түсінікті болуы керек қой. Серік Ақсұңқарұлының да эксперименттік тұрғыда жазылған өлеңдері бар. Кейбірі сәтті, кейбірі сәтсіз. Прозада Мақсат Мәліктің әңгімелерін оқып жүрмін. Мақсаттың жаңаша жазғаны дұрыс та. Бірақ тіл жұтаңдығы білініп тұрады. Өйткені, жаңаша жазудың, эксперименттің жекелеген заңдылықтарын ескере бермейді. Қазақ прозасында Мұхтар Әуезовтің, Бейімбет Майлиннің мектебі бар. Жазушыларымыз осы екі қаламгердің сүрлеу соқпағымен келеді деуге болады. Прозада әдеби экспериментке барып, ол эксперименті өз-өзін ақтаған, елді мойындатқан шығармалар бола қойған жоқ әзірге», — дейді сыншы.
Постмодернизмді алға тартып, «таксиден үш адам ақтарылып түсті» деп жазатын, қыз баланы өңін «сұйық қоңыр жүзді» деп суреттейтін Дидар Амантайдан қазіргі әдебиеттегі жаңа дәстүр, озық үлгі, эксперименттер жайлы сұрап едік, жауап беруге  құлықсыздық танытты. Қазіргі әдеби эксперименттерге аса қанықпай, Герольд Бельгердің ойын білмекке хабарласқанбыз. Ол кісіден «Мен басқа шаруамен, өзімнің шығармашылығыммен бас қатырып жатырмын. Бірақ қазақтар жаңашылдықты жақтырмайды ғой», — деген жауап естідік. Бірді-екілі жазушыны атағаны болмаса Құлбек Ергөбек пен Амангелді Кеңшілікұлы эксперименті елді мойындатқан, болмаса сәтсіз жазылып, жаңашылдықтың үдесінен шыға алмаған шығармалардың атын атап, түсін түстеп бере алмады.
Бүгінгі әдебиетте әдеби эксперимент жоқ, жаңашыл қаламгер таба алмадық десек, сол бағытта талаптанып жүргендердің шығармашылық еңбегіне обал болар.  Постмодернистік бағытта жазып, өздерінше модерн шығарма тудырып, әдебиетсүйер қауымның пікірін екіге жарып жүрген жазушылар жоқ емес, бар. Сыншылар  дәстүрлі әдебиеттен өзгеше «Тоты құс түсті көбелек», «Гүлдер мен кітаптар» сынды дүниелер тудырған Дидар Амантайды неге айтпады?Шығармалары эксперимент түрінде жазылып,   Дидардың айналасына оны қолдаушы оқырман мен «дәстүр бұзар» «тіл бұзар» деп қаралаушы оқырманды жиды мәселен. Өлеңдерінде постмодернистік сипат бар Маралтай Райымбекұлының, Ақберен Елгезектің, Ерлан Жүністің есімдері неге аталмады? Қазіргі заманғы постмодернизмнің озық үлгісін жасаған Сұраған Рахметұлы қайда қалды? Прозада  формалық ізденістерге жиі баратын «экспериментшіл» Лира Қонысты неге ұмыттық? Дәстүрден тыс, жаңашылдықпен танылып жүрген ақындар тобында Ақберен Елгезектің есімі жиі аталады.  Оны неге ауызға алмаймыз? Осыдан ілгеріде бізге берген бір сұхбатында жазушы Асқар Алтай: «Жапондық немесе батыстық әдебиеттің ерекшелігін қазақ әдебиетіне әкеліп, сол арқылы модерн жасауды өз басым құптамаймын. Бізге ұлттық құндылықтардан алыстамаған модерн керек», — деген еді. Жаңашыл үрдістегі қаламгерлердің шығармашылығы  туралы сөз болғанда әдебиетшілер олардың тілге салақтықты, сюжет желісіндегі «кедір-бұдырлықты», «шығармасындағы күңгірттікті» сынайды. Дәстүрлі әдебиеттің шырқын бұзды дейтіндер де бар. Алайда шығармасындағы формалық ерекшелікпен болмаса қарапайым сөйлемнің синтаксисін бұзып, өзгеше құруымен ерекшеленіп жүрген жазушылар оқылмай немесе танылмай жатқан жоқ. Қайта сол ерекшелігімен де дәстүрлі әдебиет шеберлерінен ерекшеленіп, «ала-құла» пікір тудырып, жұрт назарын аударуда.
АРДАҚТІКІ АҚ ӨЛЕҢ БОЛМАЙ ШЫҚТЫ
Қазіргі поэзияда ұйқассыз өлең жазып, өзгешелерден «бөлектеу» жүрген ақынның бірі Ардақ Нұрғазы.
Көмiлдi көр,
асып қалды
бiр уыс топырақ,
Жаралған қою түннiң қабағынан
Үзiлiп.
Үнсiздiктi көтере алмай қанаты
Бiр тамшы жас
Топыраққа құлады,
Ағып түскен шырақтай.
Махаббат, Гүл, Тозаң, Жарық, Көлеңке  —
Едi ол
Қара түнде
Шықтай тұнған.
Ардақ Нұрғазыұлының «Ескерткіш» өлеңін оқыған оқырманға ең алдымен  «ұйқасы жоқ, осы да өлең болып па» деген ой келері анық. Бір кездері мұндай пікірлер айтылып, Ардақтың өлеңдерін әдебиетшілер «араша талаған» да.  Сонда  Серік Боқанұлы Ардақтың өлеңдеріне «сиқырлы сырға көмiлген жұмбақ өлеңдер» деп баға беріп,  «Бұл ақ өлең яғни, ұйқассыз болғанымен, мағына жағынан дыбыс пен философияның бұзылмайтын үйлесiмi бар», — деп пікір білдірген еді.  Әмірхан Балқыбек болса, «Көбі Ардақдың  ұйқассыз өлеңдеріне поэзиядағы жаңалық деп қарады. Ол ешқандай да жаңалық емес. Ұйқассыз ақ өлең. Қазаққа таңсық дүние көрінуі мүмкін. Бірақ ақ өлең әлем әдебиетінде бұрыннан бар», — деді. Алайда біз ақ өлең деп жүрген өлеңдердің иесі өз жазғандарын ақ өлеңге жатқызбайды екен. Мұны Ардақ ақынға хабарласқанда анық білдік. «Қара өлең ұйқаспен жазылса, ақ өлең ұйқассыз болады. Салыстырмалы түрде менің өлеңдерімде ұйқассыздық мәселесі қамтылмаған.  Мен өз өлеңімді ақ өлең деп есептемеймін. Әлия Бөпежанова соңы қара өлеңге ұқсамайтын үш тармақтан келетін классикалық жапон өлеңінің үлгісі сияқты еркін жазылған  өлең деп баға берген кезінде. Өлеңдерімдегі ерекшелік ұйқассыздыққа емес, ойлау формасына барып тіреледі. Мұны эксперимент деуге де, болмаса біреуге еліктеу деуге де болмайды. Менің өлеңдерімді түсіну үшін тереңдік қажет», — дейді ақын. Оның бұл ойын Әлия Бөпежанова да дәлелдей түскендей. «Ардақ Нұрғазы құрылымдық ойлау жүйесімен ерекшеленеді. Ол негізінен өнер кеңістігінде жазады» деген пікір естідік сыншыдан.
Сонымен әдебиеттегі дәстүрлі даңғылда емес, жаңаша сүрлеу, соны соқпақта жаңа ізденістермен эксперимент жасап жүрген ақын-жазушы арамызда жоқ емес деген қорытындыға келдік. Ал әзірге айтпағымыз, жаңалыққа үйір оқырман әдебиеттен жерімесе екен деген ниеттің айналасынан табылып отыр. Тоқ етерін айтқанда, жаңа заманның жаңа әдебиеті болмауы мүмкін емес. Керек десеңіз, жарнамасы кем әдебиетке бұл да жарнама деп біліңіз! 
Қарлыға ИБРАГИМОВА

Дереккөз: http://abai.kz/post/16685

 

Келесі мақала

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*