ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Проза

Жанұзақ

ai_admin 22.02.2018 31 рет қаралды

Қанат Әбілқайыр «Жанұзақ»

Өздеріңіз білетін сол баяғы Сүмбедегі осы бір адам, адам болғанда да саналы ғұмырын жоқшылықпен, талас-тартыс, күреспен өткізген Жанұзақ көкем жайлы бір әңгіме жазу көптен бері ойымда жүр еді. Шыр етіп дүние есігін ашқан әр пенденің өмірі – арпалыс. Сол арпалыстың бәрін әңгімелеймін деп қағазға шимайлай беру үшін де жігер керек. Жігеріміз жетер-ау, көз алдымызда өткен сол бір ауыр тағдырлар жайлы жазғанда не өзгермек? Өлген тіріліп, өшкен жанар ма?

Неге екенін білмеймін, Жанұзақтың кескін-келбетін, болмыс-бітімін қағазға кестелесем мүлдем басқа адамға, мүлдем басқа кейіпке айналып кететіндей қорқып жүрдім. Жанұзақ жайлы емес, ойдан кейіпкер жасап алып, соның тұлғасын сомдамдайтындай күйге түсетінмін.

Әдеби кейіпкердің аты – әдеби кейіпкер. Сондықтан Жәкең өмірге қалай келді, өмірді қалай сүрді, неге келді, неге кетті, талайсыз ғұмырының оқырманға айтары бар ма, бұл уақиға елді неден жирендіреді, нені үлгі етуге жарайды?… Бәрін, бәрін алдын-ала кесіп-пішіп ойластырып алмағым ләзім. Осы сансыз сұрақтарға жауап берем деп тыраштанып отырып, өз жанымнан аз-кем өтірік қоссам – құрығаным. Бұл шынайы өмірді бейнелейтін көркем туынды болмай шығады.

Көркем шығарма деген өмірдің өзі емес, көлеңкесі ғана… Бірлі-екілі сызық – штрих, психологияны дөп басатын жарым-жарты – деталь, қиыннан қиыстырып, матап-шендестірілген тастай берік – сюжет… бұл бір кейіпкердің бүкіл болмысын, бүкіл тартысқа толы тіршілігін дәл өмірдегіндей бейнелейді дегенге өз басым сенбеймін. Өйткені, өмірдің аты – өмір. Ол өмірдің әр секунды – тартыс. Арайлап атар әр таң – күреспен басталады. Манаурап батар әр күн күреспен аяқталады. Өз басым сол бір арпалысқа толы күндердің бірін де басымнан өткерген жоқпын. Демек, Жанұзақтың басына түскен ауыртпалықты сезіне алмақ емеспін. Өзің сезінбеген, түйсінбеген дүниені өзгеге түйсіндірем деп қолға қалам алу – деліқұлының ісі.

Менің санама осындай ой келген күні бұл әңгімені жазбайтын болып шештім. Мүлдем бас тарттым десем де болады. Тіпті, ол кісі жайлы ештеңе ойламауға тырысып, сананы шымырлатқан оқиғалардан қашатын болдым. Сөйтсем бұл ісім менсіз де жазылып қойған шығарманы «оқымаймын» деп қашқақтайтын, санасында сәулесі жоқ оқырманның қылығы секілді дүние екен.

Бұл әңгіменің авторы – Алла-тағала, сюжетін де шеберлердің шебері Тәңір Ием түзген. Мен сол Жаппар-тағаланың жазған көркем туындысын көппен бірге оқыған, өзімше түйсінген оқырманның бірі ғанамын.

Енді міне, сол әңгімені Тәңір қолдап, Сіздерге әңгімелеп беруге қауқарым жетіп жатса, мені жай ғана делдалдық жасады деп түсінгейсіз.

 

***

Әңгіме қалай жазылатынын Сіз жақсы білсеңіз керек. Білмесеңіз айтайын. Алдымен, кейіпкердің психологиясын ашу, ойыңызды тура ондыққа тигізу үшін сөзбен аздаған сурет салмақ қажет. Кейбіреулер әдебиетті тек қана көркем сөздің галереясы деп түсініп, көнерген сөздермен қойын-қонышын толтырып алып, шамасы жетсе де, жетпесе де тіл безеп, өзін де, өзгені де қинағанына мәз болып жүр. Ондағы жалғыз мақсаттары «тілі бар» деген мақтау есту. Тілі көркем болғанымен, шынайы өмір жоқ жерде көркем туынды тумайды. Ал, тілі жоқ, сөздік қоры тапшы пенде қанша өмірдің өзін қағазға шимайласа да, әдебиеттің есігінен сығалауға құқығы жоқ. Көркем ой, көркем сөз жоқ жерде әдебиет те, іңкәр сезім де болмайды.

Мен кейде күлемін! Өзімнен білімдар кей ағаларым шимай-шатпағымызды оқығанын айтып, бірер ауыз жылы сөз айтып қалатыны бар. Кәдімгіндей мерейіміз өсіп қалады. Ал, енді әліпті таяқ деп білмейтін біреулер сюжет желісіне жармасып, «мына оқиғаны былай аяқтау керек еді» деп буынсыз жерге пышақ ұрып жатады. Өмірде болған оқиғаға түзету енгізетін мен есуас емеспін. Ал, Құдайдың қалауымен жазылған сол шығармаға өз жанынан жамау жамағысы келетіндердің қылығы – ақымақтық.

Шындығын айтайын, айналам қазір ақымақтарға толы. Олар өтірікті, жалған аңызды көркем туынды деп біледі. Осындай кезде Жанұзақтың өмірінің кей сәттерін қағазға түсіріп не абырой таппақпын? Ол әңгіменің сюжетін де жұлмалайтындар табылып жатса қайтпекпін? Бұл тақырыптың бетін жылы жауып қоя салуымның түпкі себебі осында жатыр еді.

Бірақ, мен қаламағанмен, Алла қаласа, бәрі басқаша болады екен. Бір сәтке қолым қалт етсе болды, Жанұзақ марқұм ойыма орала кететінді шығарды. Бұл не тылсым екенін кім білсін, көзімді жұмсам болды, көтерем көк қасқа атымен шоқақтап желе жортып кетіп бара жатқан Жанұзақты көремін. Қанжығасына қос құшақ шөпті теңдеп байлап алған.

Әне, қысқы мал азығын көлікпен таситын ауыл адамдары жердің топырағын аспанға көтеріп, зулап келеді. Көк қасқа ат пен Жанұзақ қою-қара шаңның ішіне жұтылып жоқ болып кетті. Бүгін мен үшін Жанұзақ сол шаңның ішінен мәңгілікке шықпай қалған сияқты көрінеді.

Әне, Жанұзақ сол жүріске шабан көк қасқасын тебініп-тебініп қойып, желпілдеп желіп келеді. Түсінген адамға бір адамның бүкіл ғұмыры осындай бірлі-жарым шабан атты тізгіндеумен өтіп кететінінің өзі өкінішті емес пе?

Міне, есігінің алдында атына шөп салып жатқан Жанұзақ бейнесі көз алдымда тұр.

Қырыққа жасы жетпей жатып шашы ағарған, асқаралы шыңына қар ерте түскен Жәкең қалт-құлт етіп, бір аттың қарнын тоқтай алмай жүр. Қар жатқан жер тоң болады. Жанұзақтың аппақ қудай болған басында кісі жанын қалшылдатарлық суық тоң бар секілді еді. Ол ешқашан да ерімейді… Мұздай суық болып, сіресіп тұрады. Ол суық кез-келген пенденің көңіл-күйін мұздатарын біз білеміз бе? Білмейміз, сөйте тұра ол жайлы жазбақшымыз.

Жүзі боп-боз, жанарында өмір сүруге деген жылт еткен құлшынысты сәуле жоқ Жанұзақ жан баласының көзіне тіке қараған емес. Мұндай жасқаншақ адамды кім кісі санатына қоссын. Жәкең елдің ауыр жұмысына жегіліп, тіршіліктің тар қамытын сүйретіп жүруді ғана білетін.

Кей кезде нағашыларыма көрші тұратын Жанұзақтың ұсқыны кеткен үйі есіме түседі. Жанұзақтың баспанасына қараған сайын Ауғанстанның жау шапқан қишлағындағы бір үйді көргендей боламын. Бір кездері екі отбасыға арналып соғылған еңселі үйдің бір жағын көршілері бұзып, шаңырағын ортасына түсіріп, көшіп кеткен. Яғни, үйдің осы бір қапталына бомба түскен деп елестете берсеңіз болады. Оны былай қойып, дәп бір осы құжыраны айнала әскер қоршап автоматпен дырылдатып атып тастағандай көрінеді. Сылақтары түскен, терезелерінің әйнектері шұрық-тесік, сынған шыны орнына шүберек, салафан тартып тастаған сықпытсыз үйді басқаша суреттеу мүмкін емес.

Үйді қойшы, сол үйдің ішіндегі үйелмелі-сүйелмелі жандардың да жайы мәз емес еді.

Жанұзақтың менімен түйдей құрдас Бақытбек деген ұлы болды. Бұл әңгіме жазыла қалған жағдайда сол Бақытбек өздігінен басты кейіпкерге айналып кететінін сеземін. Өйткені, менің шығармашылығым негізінен ғаріп адамдардың өмірін жырлауға арналып келеді. Қысы-жасы бір құлақшыны әуеге ұмсынып, екіншісі жағына түсіп, салақтап жүретін тұмағы бар Бақытбегім мылқау еді. Добалдай бәтеңкесімен жердің шаңын ыспырып, борп-борп басып су таситын.

Ауылда Тәмкен деген кісінің үйінің қасында құдық бар. Біз ауыз суды сол құдықтан тасып ішетінбіз. Ол кездері менің бар бітіретін жұмысым үйге су тасу еді.

Ауылдағы су алатын жалғыз құдық болғандықтан ұзын-сонар кезекке тұратынбыз. Сондай кезек кезінде мен Бақытбектен алыстау тұруға тырысатынмын.

Бақытбек зарарсыз мылқау емес еді. Оның өзіне ұнамаған адамды таспен бір қоятын дүлей мінезі болды. Ол жаныма жақындаса болды, қолына жұдырықтай тас алып басымнан тарс еткізіп бір қоятындай жүрегім атқақтап кететін.

Бұл түйсік деген шіркінді қойсаңызшы. Менің ажалым Бақытбектің қолына ілінген тастан болатындай түсініксіз бір күй кешетінмін. Сондықтан да ол баладан қатты қорқатынмын, қашқақтайтынмын.

Бір күні Бақытбек екеуміздің кезегіміз қатар келіп қалмасы бар ма? Менің жүрексінетінімді іштей сезетін болса керек, суағарға қойған шелегімді итеріп кеп қалды. Әрең жеткен кезекті қолдан бере салу оңай ма, мен де оны бар күшіммен нұқып жібердім. Ол елдің пләгіне шалынып, құлап түсті. Сөйтті де атып тұрып, қолына жұдырықтай қап-қара тасты алды да періп кеп жіберді. Құдай оңдап, тасы Тәмкеннің қоршау шарбағына тарс ете түсті. Не деген күш? Тас тиген қоршаудың ағашы опырылып кетіпті. Мына тас менің басыма тисе, тіл тартпай кетер едім.

Мен кейде Жанұзақтың шашын тым ерте ағартқан осы баланың күйігі ме деп ойлаймын.

Жанұзақтың екінші ұлы Қанатбектің  жасы бізден екі-үш жас кіші. Ауыл балалары жиналып ойнаған кезде сол Қанатбек жасындай жарқылдап жүретін.

Түсіне білген адамға жоқшылықтың да жақсы жері бар. Жоқшылық көріп өскен бала ширақ болады. Қанатбек бұлшық еттері бұлт-бұлт етіп, алысқан-жұлысқан балалардың бәрін жеңіп кететін. Шып-шымыр сол Қанатбекті өзі құралпы достарымен шағылыстырып, төбелестіруші едім. Байқұс бала намысын қолдан оңай бере қоймайтын жігерлі жігіт болып өсіп келе жатты.

Жанұзақ жайлы әңгіме жазып жатсам, осы Қанатбекті де негізгі кейіпкерінің бірі етпекпін. Өйткені, ол осы әулеттің жалғыз тізгінұстары, жалғыз үміті…

Жанұзақ көкемнің екі ұлынан басқа бір қызы бар. Оны бірді-екілі рет көргенім болмаса, атын да, затын да білмеймін. Білмеген адам жайлы не деуге болады? Әңгімеме ол қыз туралы жазу қажет пе, қажеті жоқ па, ойлану керек. Көркем әдебиеттің талабы бойынша әр кейіпкердің өзіндік миссиясы болуы керек. Ондай миссияны арқалатуға бұл қыздың образы жарамайды. Демек, Жанұзақта ондай қыз болған жоқ дей салалық.

Жәкеңнің толықтау келген әдемі келіншегі бар. Кісімен қақ соғы жоқ жуас әйел. Ылғи да басындағы біржапырақ жасыл орамалын тастамайтын. Баданадай көздерінде көлкіген мұң тұратын. Елмен араласып, емен-жарқын күлгенін, шаттанып, қуанғанын көрген емеспін. Көбіне меңіреу адамдай өзімен-өзі жүретін. Мылқау баланың тағдыры мен жоқшылықтың дерті нәзік жанды әйел жанын мүжімейді деймісіз?! Мүжитін болар…

Мен сегізінші сыныпты бітіріп, ауылдан қалаға кеткенде Жанұзақ осы екі ұл, бір қыз, бір келіншектің киімін көк етем деп көк қасқа атпен «шапқылап» жүрген-ді.

Біз қалалық болдық. Қаймана қазақтың бірі Жанұзақты былай қойып, өзіңнің екі туып, бір қалған ағайыныңды ойламайтын, оларды ойландырмайтын қарбалас тіршіліктің тізгініне жармастық. Ол кезде арада он бес жыл өткен соң, Жанұзақ жайлы шығарма жазғым келіп, өзіммен-өзім арпалысып, мұндай күйге түсетінімді білген жоқпын. Білсем, болашақ кейіпкерімнің өмір тарихын терең зерттеп, зерттей алмасам да өзінен барлық ғұмырбаянын сұрап алған болар едім. Енді бәрі кеш…

 

***

Сіз бұл жазғандарымнан шиеленіс іздеп әуре болмаңыз. Басы мен аяғы жоқ шығарманы көркем әңгіменің қалыбына салып екшеудің де қажеті жоқ. Бұл әңгіме емес, жай ғана бір пенденің – өмір тарихы. Өмір тарихы да емес, болашақта жазылар әңгіме кейіпкерінің елес күндерінің көлеңкесі ғана.

Әкемнің айтуынша, Жанұзақ мықты оташы екен. Ауырған малды емдейтін де өнері болыпты. Өз басым Жанұзаққа мал емдетпегендіктен кейіпкердің бұл қырын ашамын деп әуре-сарсаңға түскім келмейді.

Жанұзақтың балаларды ұшықтап, аштайтын қасиеті болды. Оның бұл қырын мен жақсы білемін.

Ұмытпасам, тоғыз-он жасар кезім. Бір күні кәдімгіндей тұмауратып, ауырып қалдым. Басым солқылдап, екі-үш күн орнымнан тұра алмай жаттым. Ол кезде нағашы әжеме табиғи бала едім. Өз әке-шешеме жоламай, әжемнің бар тәттісін жалғыз өзім жеп жүрген ерке немеремін. Әжем маған өзі білетін барлық ем домын жасап, қойдың майымен сылап, біраз әуреге түсті.

Ем-домын жасап жатып өрістен қайтпай қалған ақ сиырын уайымдайды. «Желіндеп жүр еді, байқұс. Далада туып қалып, ит-құсқа жем болмаса жарар еді» дейді әлсін-әлсін.

Егер тұмауратып қалмаған болсам, өріске өзім-ақ барып, ақ сиырды тауып келер едім. Енді міне, қарамайсыз ба, сиырдың толғағы мен менің тұмауым қатар келіп, төсекте жатырмын.

Кенет сыртқы есік ашылып, ар жақтан «апа» деген дауыс шықты.

Әжем атып тұрып құлдыраңдай жөнелді.

Ауызғы бөлмеден біреудің даусы жарқын-жарқын естіліп тұр.

– Cүйінші, апа!

– Сүйіншіңді ала қой, қарғам!

– Амансыз ба?

– Аманбыз, қарақ, аманбыз…

– Ақ сиырыңыз Қарасайдың аузында туып қалыпты. Бір малыңды екеу етіп айдап келдім.

– Ойбү, не дейді? Құдай тілеуіңді берсін, қарғам… Сол сиырды өзім де уайымдап отыр едім. Іздете қояын десем, анау Талапқа да тұмау тиіп, басын көтере алмай жатыр.

– Балаңды да емдеймін, арағыңды да ішем, апа!

– Сөйтші қарғам, сөйтші! Сені Құдайдың өзі айдап келді. Қасиетіңнен айналайын Көккөз қайнағамның өзі тіріліп келгендей болды ғой. Шай қояйын, асықпай шай ішіп кет.

Мен жатқан бөлменің есігі ашылды да, Жанұзақ пен әжем кіріп келді.

Жанұзақ төрге шығып, малдас құрып отырып жатыр. Шашы аппақ, өңі боп-боз, көзі көк-көмбек адамға тіке қарадым. Үйге тірі әруақ кіріп келгендей денем дір ете түсті.

Әжемнің самаурыны лезде қайнады. Енді міне, иығынан демалып, пысылдап тұрған сол самаурыннан әжем мен Жанұзақ сораптап шай ішіп отыр. Дастарханға әжемнің тыққан «тәтті суы» да келді. Жалғыз өзі ішкендіктен болар, болашақ кейіпкерім тез-ақ қызып қалды.

– Апа, Әбдірекен әкемнің қандай кісі болғанын білесіз ғой?.

– Білмегенде ше, қасиетіңнен айналайын Көккөз қайнағам асыл азамат еді ғой.

– Апа, мен текті тұқымды жалғайтын жалғыз Жанұзақпын ғой. Жеті атадан бері жалғыз ұрпақтан ғана өрбіп келе жатқан қасиетті шаңырақтың иесі мына менмін.

– Олай деме, қарғам! Шапқыштың (Балта деген руды әжем осылай тергейді) әр баласы сенің бауырың. Сен жалғыз емессің…

– «Әжем марқұм Әбдірекенімнен ұрпақ қалмайтын болды» деп зар еңіреп жылап жүрген кезінде түс көріпті.

– Оның несін қазбалай бересің? Бәрін білемін қарғам, бәрін… Бос сөз сөйлеп әруақтардың құлағын шулата бермейік.

– Бос сөз емес, апа! Мені тыңдайтын бір адам жоқ, бұл өмірде. Мен бозторғаймын ғой. Әжемнің түсінде Әбдірекеннің шаңырағына ұя салып, шырылдайтын бозторғай менмін, менмін, апа!

– Сен дүниеге келгенде «өмір жасы ұзақ болсын» деп ақ әжем атыңды Жанұзақ деп қойып еді. Сені құс секілді тұмсығына тістеп өсірген жарықтық ақ әжемді ұмытып не қара басыпты, мені? Ұмытпаймын, қарғам, ұмытпаймын.

– Апа, мен текті тұқымның баласымын ба?

– Әрине, текті атадан тараған ұрпақсың?

– Текті ұрпақ жалғыз ұлдан өрбиді екен. Сол рас па? Менің Қанатбегім де –жалғыз…

– Тек жалғыз атадан тарайды дегенді қай киіз кітабыңнан алдың. Қой, ондай жаман сөзді айтпа. Қанатбегіңнен басқа ұл-қызың бар емес пе? Солардың амандығын тіле! О несі-ей!

– Мен бозторғаймын, апа! Бозторғайдай шырылдап, өмірім өтіп барады.

– Жанұзақ-ау, сен не деп кеттің?. Аузыма ақ тиді деп, тіліңе оралғанды ора берме. Көккөз қайнағам хал үстінде жатқан қаншама баланы өлім аузынан арашалап қалып еді. Сондай қасиетті әкеңнің шапағаты сенің ұрпағыңа тимейді деймісің. Онан да әкеңнің әруағына сыйынып, мына баланы ұшықтап жібер.

– «Бидің келінімін» деп әлі өктем сөйлейсіз-ә, апа! Сізді бидің келіні, мен қасиетті атаның жұрнағы деп кім айтады қазір?. Кім?

Жанұзақ төсекте жатқан мені лақтай көтеріп алып, тізесіне қондырды. Сөйтті де әжеме су алғызды. Аузын сол сумен толтырып алып, бетіме бүркіп-бүркіп жіберді.

Арақтың исінен тыжырынып, атып тұрып, қаша жөнелдім.

– Апа, балаң әне, құр аттай шапқылап кетті, – деп қарқылдап күлді Жанұзақ.

Шынында Жәкеңнің емі шипа болды ма, мен тез жазылдым.

Болашақта жазылар әңгіменің авторын кейіпкері осылай ұшықтаған еді.

 

***

 

Қанша жерден қалалық болдық дегенімізбен, ылғи да ауылдан үздіге жетер әр жаңалыққа құлағымыз түрік жүреді. Жаңалық болғанда да ауыл адамдарымен кездесе қалсақ негізінен екі-ақ нәрсені, кімнің қайтыс болғанын, кімнің үйленгенін сұраймыз.

Ауылдан келген Санат ағамнан елдің қал-жайын сұрастырып, әңгімелесіп отыр едік. Ол тұста ағам ауылдың учаскелік полицейі болатын.

– Жанұзақтың Қанатбек деген баласы бар еді ғой. Сол қайтыс болды, – деді Санат түк болмағандай.

Сонау бір жылдары Жанұзақтың «Менің Қанатбегім де – жалғыз» деп әжеме мұң шаққаны есіме түсіп, денем мұздай болып суып кетті.

– Неден қайтты, – дедім мен бұлшық еттері бұлт-бұлт етіп, алысқан-жұлысқан балалардың бәрін жеңіп кететін шып-шымыр Қанатбекті көз алдыма елестетіп тұрып.

– Неден өлгені белгісіз. Бірнеше күн «Қанатбек жоғалып кетті» деп бүкіл ауыл болып іздедік. Ақырында байқұс баланың сүйегі өз үйінің шатырынан табылды.

– Асылып қалып па?

– Білмеймін.

– Біреу өлтіріп кеткен шығар…

– Оны кім білсін? Әйтеуір денесінде ұрған-соққан белгі жоқ.

– Өлімнің себебін милициялар анықтамаушы ма еді?

– Ешкім арызданып, шағым түсірген жоқ. Жанұзаққа обал болды, Қанатбек ер жетіп, отбасының жағдайы оңалып қалып еді.

«Расында да обал болған екен» деп ойладым мен. Баяғы Жанұзақ айтқандай бұл әулет текті ұрпақ екені рас болса, ол ұрпақты жалғайтын мылқау Бақытбек болғаны ма?. Атадан жалғыз қалып, жоқшылықтың тауқыметін тартқан Жанұзақты ешкім адам демеп еді. Енді мылқау Бақытбектің «ақсүйектігін» кім мойындасын. Ешкім де мойындамайды. Бәрі бітті.

Осындай ауыр ойлар теңізінде біраз күн малти алмай жүрдім. Өмір деген бәрін ұмыттырады емес пе? Өз басыңның қайғысы аз емес мына ғұмырда өзгенің қайғысын арқалап жүре алмайтының тағы рас. Бірте-бірте Қанатбектің қайғылы өлімі де санадан өшіп, жым-жылас болды.

 

***

Өткен жылы жазғы демалысымда ауылда өткіздім. Ауылға барсақ болды, туған-туыстардың үйін аралап, айтшылап қонақ болып, өткен-кеткен өмір еске түсіп, бір жасап қаламыз. Санамыздың түкпірінде өшуге айналған тәтті елестердің шоғы қайта маздап, өмір жайлы соны ойлар ойлап, адамдық қасиетімізді таразыға салып, есейгенімізді сезінеміз.

Міне, баяғы Тәмкеннің үйінің қасындағы біз су таситын құдық. Ескі күндерді еске салып, үнсіз мелшиіп тұр. Бұ көк темірдің тілі жоқ. Егер де тілі болса, бұл өмірден не көріп, не түйгенін сарнамас па еді? Осы құдық жайлы роман жазуға да бейілмін. Бір заманда осы құдықтың басында түрлі тағдыр иелерінің басы тоқайласатын.  Қажай деген кембағал кемпір, су таситын арбасын салдырлатып. Беті күнге күйіп, қып-қызыл болып Солнышканың (Ол кісінің шын атын білмеймін. Ел осылай атайтын-ды) ауыш баласы тұрушы еді, иегін көкке көтеріп… Жанұзақтың мылқау Бақытбегін оқырман жақсы таниды. Тілі жоқ байқұс, булыға айғайын салып жіберетін, ауық-ауық. Сол Бақытбектің жұдырықтай таспен мені ұрып, ол тасы шарбақтың ағашын опырып жібергені кеше ғана болған сияқты. Жазушы деген халық тегінде қияли болады. «Сол сынған шарбақ бар ма екен?» деп көлігімнің тізгінін тарттым.

Арада он бес жыл уақыт өтсе де, қоршау әлі өзгермепті. Әне, Бақытбек біреудің пләгіне шалынып құлады. Міне, қолына ілінген қара тасты алды да мені дәлдеп атып қалды. Мен жасқаншақтап, бұғып үлгердім. Тас ағашқа тарс етті. Құдықтың басы шу болып кетті.

Ағаш сөйлеп, осының бәрін, бәрін айтып жатыр. Балалық шағымның бір ғана күні, бір ғана сәті санамда жаңғырды. Бұл күнді мен енді өмір бойы ұмытпақ емеспін.

Опырылған ағаштың тұсында ұлтарақтай жерді таспен дөңгелете қоршап қойыпты. Ауыл балалары үй жасап ойнаған болар деп әлгі тастар арасынан баяғы қап-қара тасты іздедім. Тапсам, Алматыға өзіммен бірге ала кетпекпін. Балаларыма осы тастан ажал құша жаздағанымды айтып бермекпін.

Қанша зер сала іздегеніммен ол Әзірейіл тасты таба алмадым. Сөйттім де өзімнің адам түсінбес қылығыма күліп, үйге қайттым.

Үйге келе салып әкеме баяғы бала кездегі сезімімді, мылқау Бақытбектен қатты қорқатынымды, соның қолына ілінген тастан ажал құшатындай күй кешетінімді айтып беріп жатырмын.

– Қойшы, расында солай болып па еді? – деді әкем таң қалып. – Өткен аптада мылқау Бақытбек әкесінің басын таспен жарып өлтіріп қойды. Жанұзақ марқұмның басынан көп қан кетіпті. Қан аққан жерді кісі аяғы баспасын деп таспен қоршатып қойдық…

Біреу қақ төбеден қара таспен бір қойғандай есеңгіреп қалдым.

Мен «балаларыма көрсетемін» деп іздеген тас Жанұзақтың басына бұйырған екен ғой…

 

***

Түйсік дегеннің сезбейтіні жоқ! Басқаны жазбасам да, бұл оқиғаны қағазға түсіруге тиіспін. Жанұзақ бұ дүниеге не үшін келді? Бұл сұрақтың жауабы табылды. Жанұзақ өмір есігін менің кейіпкерім болу үшін ашыпты-мыс. Әйелінің тағдыры қалай болғанын білмеймін, қызы Ұйғыр ауданына ұзатылыпты. Бағы ашылғай… Ал, мылқау Бақытбекті жындыханаға өткізіп жіберіпті.

Ақыры жазуға отырдым. Бірақ, Жанұзақтың шабан көк қасқасындай жүрісім өнбей-ақ қойды. Қою қара шаңның ішінде сол көк қасқамен адасып қалғандаймын. Алақандай әңгімеде екі кейіпкерді өлтіріп, екі қазақтың көзін жоя салу оңай ма? Оңай емес. Мен секілді көп жазушы әр шығармасында екі пенденің жаназасын шығарып отырса, жер бетінде адам қала ма? Жаздым делік. Ол шығарма Тәңір-Ием екшегендей әсерлі болмай шықса қайтем? Осыны ойлап, бұл шығарманы мүлдем жазбаймын деп шештім.

Өстіп, «жазам, жазбаймын» деп екіұдай күйде жүрген арада тағы екі-үш ай өтіп кетті. Енді жазсаң да, жазбасаң да – бәрібір. Ештеңені өзгерте алмайсың.

Әдебиетті жазғышбектер «өнер» дейді. Бұл өнер емес – дерт. Ол дертті жұқтырған адам, ғұмыр бойы дауаланбайды. Мен де дертті едім. Ақыры қолыма қалам алдым. Біраз бетті сүйкеп тастадым. Әңгімемнің авторы Жаппар-Ием екенін айттым. Тура сол сөйлемнің нүктесі қойылған кезде телефоным шыр етті.

Ауылдағы әжем қайтыс болыпты. Әжем болғанда баяғы нағашы әжем емес, атамның ағасының кемпірі.

Жазу да, басқа жұмыс та кейінге шегерілді. Алып-ұшып ауылға келдім. Әжемізді арулап көмдік. Қабірге бір уыс топырақ салып болып, шеткері шықтым. Түнімен жол жүріп, шаршап тұр едім. Аяғым да ұйып барады.

Бір мүрдені қоршаған темір шарбаққа сүйеніп тұра қалдым. Бойым да жіпсіп, рахат бір күйге еніп бара жатырмын. Бағанағы шаршағаным да, аяғымның ұйығаны да ұмтыла бастады. Әудем жерден қу тілді бір ауылдасым: «Ей, Талап жеті атаңның мазарына сүйеніп тұрғандай шірене қалыпсың ғой» деді күлген болып. Өзімнің бұл тұрысымның тым ерсі екенін сонда ғана аңғарып, артымдағы мүрденің құлпытасына жалт қарадым.

Құлпытаста «Әбдірекенов Жанұзақ» деген жазу тұр.

Жүрегім шым ете түсті. Кеше ғана жазып жатқан шығармамның кейіпкері жазушысын дедектетіп отырып өз алдына әкеліпті. Кейіпкерден рұқсат сұрап, қабірінен бір уыс топырақ алдым.

Осылай түбі бір жазылар әңгіменің түйінін де Жанұзақтың өзі қойып берді.

Енді міне, желмен жарысып, қалаға қарай зулап келе жатырмын.

Әңгіме жазуға…

Қанат Әбілқайыр

Дереккөз: http://www.abai.kz/post/43916

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*