ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Проза

«Диктатордың өлімі»

ai_admin 22.02.2018 40 рет қаралды

Әлібек Байбол

«Диктатордың өлімі»

Диктатор өлер алдында өсиет айтыпты…

Жандайшаптары, нөкерлері қасынан шықпайтын. Енді қайтсын. Әлемді уысында ұстаған адамды бәрі сыйлайды. Асты-үстіне түседі. Әрине, бәрі. Алайда, ол өмірден өткенше. Диктатор өзі ішкен қанды құсыпты. Кезінде. Ой, сол қырқыншы жылдары ғой. Баяғы. Екі миллион адамның қанын ішкен. Әдемі өрнектермен әдіптелген тостаған мен одан кейін дәу бөтелкемен ішкен. Басында қасықтап, одан кейін шөміштеп… Шөлі содан кейін басылыпты. Оған дейін көңілінде Ұлы шөл орнаған деседі көргендер. Адам терісінен тіккен сәнді қолғаптарды қыздарға сыйлаған екен. Ешкім алмапты. Қорыққан ғой. Диктатор дүниеден өтті. Адамдар қуанды. Бір кезде диктатордың қарнынан дауыстар шыға бастайды. Жанындағылар Ібіліс пе деп шошынып, жан-жаққа қашады. Сөйтсе, ол диктатор бұрын басын жалмаған адамдар екен. Ақырындап, асықпай бірінен соң бірі шыға бастайды. Ол әлгілерге:

– Қорықпаңдар. Өзіміз ғой. Енді жеңілдеп қалдық. Қатты қиналып жүргенбіз. Іші тар екен! – депті.

Мен бұл оқиғаны бір танысымнан естідім. Ол маған:

– Ол адамдарды қойша қырды. Жаның түршігеді. Менде оның өлер алдындағы суреттері де бар. Оны жариялауға болады. Айдарын: «Бес күндік жалған…» деп қоямын! – деді.

– Жақсы келістік.

Бір апта өткен соң оқырмандар маған хабарласып:

– Ғажап суреттер екен. Сонда қанша адам қайтыс болған? – деп сұрады.

– Бір-ақ адам.

– Жалған. Суретте бәленбай миллион бақырбастының бақилық болып бара жатқан сәті бейнеленген ғой! – деп мені таңқалдырды.

– Қойыңызшы.

– Сенбесеңіз қараңыз.

Барып суретті көрсем, рас екен. Диктатордың артында қанық қара бояумен боялған картина тұр. Ішінде нешетүрлі формаға енген, қисайған бастар. Полотно – бейнебір түтін сияқты. Қорқып кеттім.

Диктатор қиналып өліпті. Оның автопортретін бір суретші өз қанымен салыпты. Недеген туынды десеңізші. Аукционға қойыпты.

– Мынау кім? – деп сұрапты келгендер.

– Бұл диктатордың өліп бара жатқан сәті! – депті суретші.

– Картинаны түсіндіріп жіберіңізші. Өреміз жетпей жатыр.

– Онда тыңдаңыздар. Диктатордың басынан мұнара тұрғызылған. Оның артында шашылған сүйектер. Адамдардың қаңқалары. Одан ары бақ. Рухтар сол баққа кетіп бара жатыр. Олар да адам емес пе? Түсінбейтін түгі жоқ.

– Картинаның идеясы қандай?

– Адам мәңгі өмір сүремін деп ойлайды. Сол ой келісімен ол қателесіп, адамзатты азаптай бастайды.

– Бопты түсінікті.

Суретші бір картинасының репродукциясын көшелерге іліп қойды. Диктатор болғысы келген жас балалар ойларынан айныды.

«Диктатор өлді» деген хабар бүкіл елге жария болды. Оны жерлеу рәсіміне өзі қанаған рухтар келді. Ал, зиратқа тірілерден ешкім аяқ баспады. Нөкерлері де көрінбеді. Шыны керек өйтіп диктатор болғанша, қарапайым адам болып жүре бергенім артық деген ой санамды осып өтті.

Туысқандары оның мүлік-мүкәммалын саудалады. Ол да тарихқа айналды ғой. Антиквариаттарды байлар қымбат бағаға сатып алды. Оның партсигарасы, диваны, тостағаны, адамның басын кескен пышағы.

Диктатор өлер алдында:

– Адамзат мені кешір. Қателесіппін. Құдай кешіретін шығар! – деп тәубелік сөзін айтыпты.

 

Дереккөз: http://bbs.elarna.com/m/kitap_kk.php?id=5979&oku=40859

 

 

 

 

 

 

Алдыңғы мақала
Келесі мақала

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*