ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Ай-Ару Сәні

«СӘН ӘЛЕМІ»

ai_admin 13.02.2018 53 рет қаралды

«Адам көркі – шүберек» деген сөз бар. Өткен аптада дүйім жұртты елең еткізген еліміздегі барлық сән серкелерінің басын қосқан «Kazakhstan Fashion Week» сән апталығы болып өтті. Бұл еліміздің сән индустриясын әлемдік деңгейге шығарған бірден-бір жоба екенін айта кеткен жөн. Алғашында «Almaty Fashion Week» болып аталған шара шетел сәнгерлерінің назарын аудартып Kazakhstan Fashion Week  болып өзгертілген екен. Содан бері 10 жыл өтіпті. Бүгінде  бұл шетелдік және отандық дизайнерлердің басын қосатын жоба ғана емес, бұған қоса, жас дизайнерлерге өз киім үлгілерін барша елге таныстыруға мүмкіндік беретін алаңға айналған. Белгілі дизайнер және KFW-ның  бас директоры Саят Досыбаевтың айтуынша, 10 жылдың ішінде аталмыш жоба арқылы отандық сән индустриясы ілгерілеп, қазақтың ұлттық нақышы бар киім үлгілерін Еуропа елдері де тани бастаған. 

Биылғы жылы Алматы Достастық елдерінің мәдени астанасы болғалы бұл жобаның да маңызы арта түсті. Бұл жолы сән апталығына талантымен ел ішінде көзге түскен жас дизайнерлер қатысты. Сонымен қатар Ұлыбритания, Грузия, Украина елдерінің сәнгерлері де тілек білдіріп, жұрт назарына өз киімдерін ұсынды. Дизайнерлер «Прет-а-порте» стиліндегі киімдер жоғары сәнге айналатынын айтады. Яғни киімнің ыңғайлылығы басты назарда болмақ. Бұған қоса, биылғы жылдың күз және қыс мезгілдерінде жеңіл табиғи маталардан тігілген киім үлгілері мен ашық түсті көйлектер, құты пішіндес ұзындығы тізеден төмен белдемшелер кеңінен сұранысқа енбек.
Сән әлеміЕгер әлемнің озық сән түрлерін сарапқа салатын болсақ, қазақ сән өнері өзіндік ұлттық ерекшелігімен көзге түсері даусыз. Бұны аталмыш сән апталығына қатысқан отандық сәнгерлердің киім үлгілерінен де байқауға болады. Апталықты 2014 жылдың күзі мен қыс мезгіліне арналған киім топтамасымен Аида Кауменованың сән үйі ашты. Шығыс халықтарына тән стильдегі көйлектердің бет-бедеріне ширатыла түскен ғажайып өрнектер өзгеше бір тілмен ақтарыла сыр шерткендей. Жібек көйлектер, шілтерлі кеу­дешелер – бәрі әйел болмысына ерекше нәзіктік пен еркіндік сыйлайтындай әсер қалдырды. Ал ­Камилла Курбани есімді жас сәнгердің топтамасы көгілдір және күлгін түсті жұқа жібек матадан жасалған өзіндік ою-өрнектері бар көйлектерімен көзге түсті. Қара түсті көйлектер мен кеудешелерден құралған Айнұр Тұрысбектің топтамасына жеңіл шифон мен жібек маталар өзіндік әсемдік беріп тұр. Айгүл Қасымова адамның ажарын ашатын, денеге қонымды да қолайлы киім тігуді мақсат еткен екен. Айталық, оның қара түсті көйлектері алтын түсті өрнектермен көмкеріліп, сәндірек көрінді.
Табиғат төсінде еркін ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз күні кешеге дейін өзінің әдет-ғұрпымен, дүниетанымымен сабақтасқан төл киімдерін киіп келген. Сән әлемінде соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық арта түскенін айта кету керек. Бүгінгі күні ұлттық нақышы бар, заман талабына сай көйлектер сұранысқа ие. Бұны ұғынған жас дизайнер Бота Бақытжан өзінің алғашқы киім топтамасына ақ пен қара түсті маталардан тігілген көйлектеріне ұлттық ою-өрнектерді өте әдемі үйлестіре білген. Дизайнер болашақта барлық өзінің киім үлгілеріне қазақтың салт-дәстүрі мен табиғатынан сыр шертетін ұлттық ою-өрнектерді қолдануды мақсат тұтатынын айтты. Біз Бота Бақытжанның фольклорлық стильді қолға алған бастамасына сүйсіндік. Сары, күлгін түстерге басымдық берген дизайнер Ирина Әшербекова шифон, барқыт маталардан тігілген көйлектерімен жиналған барша қауымға көктемдей жадыраған көңіл-күй сыйлады. Өткен жылғы «Open way» атты жас дизайнерлер байқауының жеңімпазы Айдана Қожагелдинаның киім үлгілері кешке қатысқан сәнгерлерден өзгешерек болды. Адамның сыртқы келбеті оның жан дүниесінен сыр шертетіні рас. Айдананың киім топтамасы да оның ішкі дүниесінің құпияларын ақтарғандай болды. Жас дизайнер елімізде әлі аса танымал емес, деконструктивизм, минимализм бағытында киім тігеді. Оның киім үлгілері өте қарапайым, тігісі жатық, ассиметриялық бөлшектерден тұрады. Ұлылық – қарапайымдылықта деген бар. Оның ақ, қоңыр түсті атлас маталардан тігілген қарапайым киім үлгілері кешке қатысқан қонақтардың көпшілігінің көңілінен шықты.
Халқымыздың ұмытылып бара жатқан мәдени мұрасы – тоқыма өнері. Бүгіндері бұл бағытта жұмыс істейтін сәнгерлер кемде-кем. Сондықтан Мәдина Нарбаева есімді жас дизайнер тоқыма өнерін жаңғыртып, халқымыздың ежелден келе жатқан көне де, ізгі дәстүрі арқылы қазіргі заманымызға лайықты түр беретін сәндік қолөнерді дамытуды мақсат етіп қойған. Ол өз топтамасында тоқыма көйлектер, белдемшелер ғана емес, күзгі тоқыма пальтолар ұсынып, кеш қонақтарының назарын өзіне аудартты. Ал дизайнер Диана Каликованың ойынша, сәнді киім адамға рухани және моральдық жағынан дем береді екен. Сондықтан оның топтамасындағы гүлді көйлектер көздің жауын алады. Тамара Ламанукаева, Сергей Шабунин, Алекс Джен, Лария Жахамбаева, Татьяна Цой сынды дизайнерлер мен «Artisan», «Olga STAN», «Nur-shah», «Merali by GUDU», «Di Entre Si», «ё9», «Kiori» отандық сән үйлері де сән апталығына қатысып, киімдерімен жиналғандарды тамсандырды. Ал Грузиядан келген Кети Чкхиквадзе, Гизи және Акананита есімді дизайнерлер киім үлгілеріне ұлттық нақыш беру арқылы ерекшеленді. Украиналық Виктория Грес пен британиялық дизайнер Наталия Каут болса, бүгінгі жастар талғамына сай тігісі зерлі, кестелі көйлектерімен жұртшылықтың назарына ілікті.
Биылғы жылдың сән апталығы киімдеріндегі ою-өрнектер, қолданылған материалдар композициясы, олардың арасындағы керемет үйлесім, түр-түстің ерекше нәзік сәйкестігі – бәрі де отандық сәнгерлердің шеберлігін, шалқар шабытын, ұлттық табиғатты терең меңгергенін байқатты. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет екендігі сөзсіз. Әсіресе, еліміздің сән әлеміне жастардың қатары қосылып жатқаны қуантады.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Дереккөз: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=19218

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*